Солтүстік өңірлерге көш: Түркістан тұрғындары Шығыс Қазақстанға сапарға шықты
Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі тарапынан биыл Оңтүстіктен Солтүстікке көшушілер үшін 7050 квота бөлініп отыр. Сондай-ақ, қандастар мен қоныс аударушылар үшін мемлекеттік қолдау көрсететін 7 облыс белгіленді деп хабарлайды Alashorda.kz сайты ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап.
Бөлінген квота негізінде биылғы жылдың төрт айында Түркістан облысынан 372 адамы бар 107 отбасы солтүстік облыстарға қоныс аударды. Атап айтар болсақ, Шығыс Қазақстан облысына – 9 отбасы, Қостанай облысына – 3 отбасы, Павлодар облысына 49 отбасы, Солтүстік Қазақстан облысына – 40 отбасы, Қарағанды облысына 1 отбасы, Абай облысына 4 отбасы, Ұлытау облысына 1 отбасы көшкен.
«Биыл министрлік тарапынан 7050 квота бөлініп отыр. Ол бойынша қоныс аударушылар 7 облысқа бара алады. Яғни, Солтүстік Қазақстан облысы — 2 702, Павлодар облысы — 2 603, Қостанай облысы — 950, Шығыс Қазақстан облысы — 372, Абай облысы — 255, Ұлытау облысы — 132, Қарағанды облысы — 36 адам қабылдайды» — делінген Түркістан облысы еңбек мобильділігі орталығының баспасөз қызметі ұсынған ақпаратта.
Аталған бағдарламаны жүзеге асыруға жеке азаматтар да өз үлесін қосып келеді. Түркістан облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының ұйымдастыруымен «Ұлы көш» қозғалысының басшысы, облыстық мәслихат депутаты Жаңабай Ағабековтың қолдауымен Шығыс Қазақстан және Абай облыстарына арнайы делегация сапарға шықты.
Аталған сапардың басты мақсаты — екі облысқа қоныс аударуға ниетті азаматтарды өңірлердің тыныс-тіршілігімен таныстыру. Іс-шара барысында көшуге ниетті 30-дан астам түркістандық Шығыс Қазақстан аумағындағы қоныс аударатын жерлерді көріп келетін болады.
«Жалпы, 2015 жылдан бері жұмыс күші азайған Солтүстік өңірлерге халқы тығыз орналасқан оңтүстік аймақтарынан 14 130 адам немесе 3 187 отбасы қоныс аударды. Мемлекет солтүстік облыстарға қоныс аударғандардың отбасы мүшелеріне бір рет 70 АЕК (258 440 теңге) мөлшерінде ақша және алғашқы уақытта үй жалдауға қаржы береді. Бұдан бөлек, билік оларды қысқа уақытқа кәсіби оқуға жіберіп, жұмысқа орналастыруға, жеңілдікпен баспана алуға көмектеседі. Ал қоныс аударғандарға жұмыс ұсынған жұмыс берушілерге 400 АЕК көлемінде (1 476 800 теңге) субсидия төленеді» — делінген Түркістан облысы еңбек мобильділігі орталығының баспасөз қызметі ұсынған ақпаратта.