Бишімбаев пен Байжановтың апелляциялық шағымы 26 маусымда қаралады

Қуандық Бишімбаев пен Бақытжан Байжановқа қатысты қылмыстық іс апелляциялық сатыға түсті. Бұл туралы Астана қалалық сотының баспасөз қызметінен мәлім етті.

«2024 жылғы 10 маусымда Қуандық Бишімбаев пен Бақытжан Байжановқа қатысты қылмыстық іс Астана қалалық сотына келіп түсті. Судьяның осы жылдың 11 маусымдағы қаулысымен аталған істі қарау 2024 жылғы 26 маусым сағат 10.00-ге белгіленді. Сот отырысы Астана қалалық сотының ғимаратында Астана қаласы, Әлиев көшесі, 6, В блогы мекенжайында өтеді», — деп атап өтті қалалық соттан.

Айта кетейік, 13 мамырда Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотымен Қ.Бишімбаев пен Б.Байжановқа үкім шықты.

Үкім жария етілгеннен кейін сотталғандар мен олардың қорғаушылары заңмен белгіленген мерзімде үкімге апелляциялық шағым жасады.

Олар апелляциялық шағымында Б.Байжановты іс-әрекетінде қылмыс құрамының болмауына байланысты ақтауды, үкімнің Қ.Бишімбаевқа қатысты ҚК 99-бабы 2-бөлігінің 5-тармағы бойынша айыптау бөлігін өзгертіп, оның іс-әрекетін өзгертілген біліктілікке сәйкес жазаны төмендете отырып, ҚК 106-бабының 3-бөлігіне қайта саралауды, сондай-ақ істі қайта қарауға жібере отырып, сот үкімінің күшін жоюды сұраған.