Президент Артаевтың сұхбатынан кейін Головкинді қабылдады

Қасым-Жомарт Тоқаевқа ұлттық құраманың Париж Олимпиадасына әзірлігі жөнінде мәлімет берілді, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі. 

Геннадий Головкин ұйымның халықаралық бағыттағы қызметін үйлестіру шаралары, сондай-ақ салалық білім беру жобалары туралы баяндады. Оның айтуынша, ҰОК Халықаралық Олимпиада комитетімен, Азия Олимпиада кеңесімен және басқа елдердің осындай құрылымдарымен байланысты жандандырып жатыр.

Сонымен қатар Ұлттық олимпиада комитеті спортшылардың құқығын қорғауға бағытталған жобаларға баса мән беріп келеді.

Биыл ақпан айында Ұлттық Олимпиада комитетіне президент болып сайланған даңқты боксшы Геннадий Головкиннің жалақысы құпия сақталып келген еді.

Бокстан Олимпиада чемпионы Бақтияр Артаев «Уақыт көрсетеді» YouTube-каналына сұхбатында бұл соманың шамамен 20-25 миллион теңге болатынын айтты.

«Нақты білмеймін. Бірақ 20-25 миллион теңге көлемінде жалақы алады деп естідім», — дейді Бақтияр Артаев.