Қазақ боксшылары Парижге аттанды
Париж Олимпиадасында қазақ жанкүйерлері медальдан басты үміт күтіп отырған былғары қолғап шеберлеріміз Францияға аттанып кетті. Бұл туралы ҚР Бокс федерациясының баспасөз қызметі мәлім етті.
«Қазақстан бокс құрамасы үшін Олимпиада сапары басталды. Былғары қолғап шеберлері Алматы әуежайынан Францияға ұшты. Бортта он олимпиадалық үміт, бапкерлер, спарринг серіктестер және ғылыми топ мүшелері бар. 25 шілде жеребе тарту рәсімі өтеді. Сол күні Отандық боксшылардың қай уақытта шаршы алаңға шығатыны анықталады», — делінген хабарламада.
Айта кетейік, Париж Олимпиадасына бокстан ерлер құрамасы толық құрамда бара жатыр. Ал әйелдер құрамасы 3 салмақта сынға түседі.
Ерлерден Сәкен Бибосынов, Махмұд Сабырхан, Мұхаммедсабыр Базарбайұлы, Асланбек Шымбергенов, ағайынды Нұрбек Оралбай мен Айбек Оралбай және Қамшыбек Қоңқабаев ел намысын қорғаса, әйелдерден Назым Қызайбай, Карина Ибрагимова және Валентина Хальзова шаршы алаңға шығады.
Естеріңізге сала кетейік, қазіргі таңда төртжылдық додаға жолдама жеңіп алған қазақстандық спортшыларымыздың алғашқы легі Париждегі олимпиадалық қалашыққа барып үлгерді. Қазақстан құрамасы Олимпиада ойындарына спорттың 25 түрінен 92 жолдама жеңіп алды.
Франция астанасы Париж қаласында өтетін XXXIII жазғы Олимпиада ойындары 26 шілде мен 11 тамыз аралығында өтеді.