Астанада Qazbilim ұлттық лицейі ашылды
Астана қаласында Qazbilim ұлттық лицейінің тоғызыншы мектебінің тұсаукесері өтті. Ұлттық мектептің ашылуына Мәжіліс депутаттары мен астаналық зиялы қауым өкілдері қатысты. Жиында айтулы айтыскер Рүстем Қайыртайұлы өзінің жүрекжарды арнауын айтса, Шахаризат Сейдахмет әннен шашу шашты.
Салтанатты шараға ҚР Мәжіліс депутаттары – Әшімжан Жанарбек, Асхат Аймағамбетов, Самат Нұртаза, Жоғары білім және ғылым министрінің кеңесшісі – Руслан Емелбаев, Астана қаласы әкім аппарат басшысының орынбасары – Жомарт Айтқазы, белгілі айтыскерлер – Серікзат Дүйсенғазы, әнші Шахаризат, тілшілер мен блогерлер – Еркін Қамбарұлы, Өркен Кенжебек және т.б. елге белгілі, ұлтқа жанашыр азаматтары қатысып, тілектестігін білдірді.
Алматы, Шымкент, Қызылорда, Қарағанды, Ақтау, Қостанай, Атырау қалаларынан ашылған ұлттық лицейлері биыл Астанада жалғасын тауып, бой көтерді. Оқушыға әрі сапалы білім, әрі ұлттық тәрбие беретін орданың ашылғаны елордалықтар үшін жақсы жаңалық болды.
Жанарбек Әшімжан Аятжан Ахметжанұлы ашқан ұлттық мектептің ұлт болашағы үшін маңызы зор екенін айтып, оқушыларға лицейде сапалы білім алуға шақырды. Ал ҚР Парламент Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетов болса, ұлттық мектепті ашудың оңай болмағанын ескертті.
«Аятжан Ахметжанға жекеменшік ұлттық мектеп ашу оңай болған жоқ. Оны facebook әлеуметтік желісінен көріп отырған шығарсыздар. Бірақ бұл мәселенің шет жағасы ғана, айта берсек, мектеп ашудың әңгімесі көп. Қазіргі уақытта мектеп ашу оңай шаруа емес. Бірақ ауыр қиындықтарға мойымай, бірнеше өңірде Аятжан Ахметжанұлы ұлттық мектепті ашып отыр. Бүгін Астананың төрінде «Qazbilim» ұлттық лицейін ашып отыр. Біз Аятжан Ахметжанұлының білім саласында үлкен еңбек етіп жүргенін жақсы білеміз. Бір сөзбен айтқанда ол жүрегі қазақ деп соққан азамат. Қазақтың ұлттық құндылықтарын балаларға сіңіремін деп ұлттық мектеп ашып жатыр. Бұл тек Аятжанның қуанышы емес, барлығымыздың қауанышымыз деп білемін», – деді ол.
«QAZBILIM GROUP» компаниясы басқарма төрағасы Аятжан Ахметжанұлының айтуынша, ұлттық лицей таза қазақ тілінде тереңдете білім береді.
«Оқушыларға сапалы білім берумен қатар жан-жақты қалыптасуы үшін ұлттық тәрбие; Біртұтас QAZBILIM авторлық методикасы; Пәндік олимпиадаға бағдарлы дайындық; ҰБТ-ға кешенді дайындық; Қазақстандық және шетелдік үздік университеттерге түсуге бағыт-бағдар және кепілдік; IELTS-қа дайындық; Қаржылық сауаттылық; Домбыра, жетіген, т.б. ұлттық аспаптар үйірмесі; Спорт үйірмесі; Шахмат, тоғызқұмалақ, т.б. интеллектуалды ойындар арқылы әртүрлі шаралар ұйымдастырып, білімді тек теория жүзінде ғана емес, тәжірибемен ұштастыруға көбірек мән беріледі.
Астанадағы лицей 700 оқушыға арналған. Жаңа компьютерлік техникамен, интерактивті электронды тақталармен, мультимедиялық және STEM кабинеттерімен жабдықталған. Жеке кітапханасы бар. Балалар үшін барлық жағдай жасалған. Олардың демалатын, тамақтанатын орны, сабақ оқитын кабинеттері талапқа сай жасақталған. Балалар топтық жүйе бойынша оқытылады. Ұстаздар жоғары, бірінші, екінші санатты педагогтар. Шетелде, Назарбаев университетінде білім алған мамандар қызметке тартылған. Оқулықтар жеткілікті», — дейді «QAZBILIM GROUP» компаниясы басқарма төрағасы Аятжан Ахметжанұлы.
Осы кезге дейін оң мыңнан астам дарынды шәкіртке білім беріп, үлкен жетістіктерге қол жеткізген Qazbilim – 8 қалада лицей, 1 қалада білім беру орталығы болып, үлкен білім ордасына айналған іргелі ұжым.