«Жас ұрпақтың мемлекеттік рәміздерге құрметі өте жоғары»

Кейбір жиындарда «Мемлекеттік рәміздерге ұқыпты және құрметпен қарау керек» деген сөз жиі айтылады. Ал мемлекеттік рәміздерге құрметпен қарау қазақтың арғы бергі тарихындағы рәміздер білмеген кезде іске аса ма?
«Елтаңбада сақ пен ғұнның белгілері айқын көрініс тапқан»
Ержан Өмірханұлы Тәуелсіздік алғаннан кейінгі мемлекеттік рәміздер ұлттық тұрғыдан қазақтың арғы-бергі тарихын толық ашатынын айтады.
«Өйткені рәміздердің негізінде көк тудың бейнеленуін көк түріктермен байланыстыруға болады. Бүгінгі рәміздердің ұлттық құндылықтары жөнінен Алаштың кезеңінен қарағанда тереңірек болғанын мойындаған жөн. Өйткені елтаңбада сақ пен ғұн дәуірлерінің белгілері айқын көрініс тапқан. Елтаңбада жұлдыздың белгіленуі сақ патшаларының лауазымдық белгілерін көрсетеді.
Мемлекеттік рәміздердің сәтті шыққандығынан болса, керек оларға деген жастардың ықыласы ерекше. Мәселен мектеп оқушылары әнұранды ерекше шабытпен орындайды. Мектептегі оқушылар әнұран орындалып тұрған кезде қолын кеудесіне қойып, ерекше құрмет көрсетеді. Негізі аға ұрпаққа қарағанда жас ұрпақтың мемлекеттік рәміздерге деген құрметі өте жоғары деңгейде. Сондықтан да мен Қазақ мемлекеттілігі өз деңгейінде қалыптасып жатыр деп айтамын. Өкінішке қарай, аға ұрпақта мемлекеттік рәміздерге деген түсінік пен құрмет мақтанарлық деңгейде емес», – дейді ол.
Шынар АҚЖАНҚЫЗЫ