«Жеңілдетілген несиемді жауып, тағы да қаржы алғым келеді»

48 жастағы Ләйлә Бесбаева «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша несие алып, тігін цехын ашқанын айтады. Жамбыл облысы, Байзақ ауданына қарасты Үлгілі ауылының тұрғыны жеңілдетілген несиенің пайдасы зор екенін ескертті.
«Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 2,5 пайыз көлемінде 3 миллион 300 мың теңге несие алып, тігін цехын аштым. Өзімнің жеке тігін цехымды ашу көптен бергі арманым еді. «Әрекетке берекет» демекші, несиені қалай алуға болады деп ары-бері ізденіп, Үкіметтің жеңілдетілген несиесіне ие болдым. Сондай-ақ «Қандай тігін машинасын алуға болады?» деп жан-жақтан сұрастырып жүріп, өзіме ыңғайлы бағада құрыл-жабдықты сатып алдым.
Негізі қандай да бір кәсіпті бастаған адам «Бұл жұмысты алып кете аламын ба, жоқ па?» деп алаңдайды. Себебі тәуекел етіп, іске бел шешіп кірісіп кету оңай шаруа емес. Әйтсе де менің бұған дейін тігін өнерімен айналысып, жұмыс істеген тәжірибем бар. Нақтырақ айтсам тігін өнерін нағашы апамнан үйрендім. Ол кісі менің қабілетімді байқап, өзінің тігін машинасын сыйлады. Ал қазіргі су жаңа тігін машинасының пайдасы зор болып тұр. Мысалы бұрын қолмен 1 күнде 2-3 көрпені дайындасам, тегін машинасын алғаннан кейін бір күнде 10-15 көрпені тігетін болдым. Қыз жасауынан бастап, балабақшаның керек-жарағына дейінгі әр түрлі тапсырыс түседі. Одан бөлек «Ауыл береке» базарындағы сатушы апай тапсырыс беріп тұрады.
«Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша несиені 2021 жылдың желтоқсан айында алғанмын. Енді екі жылдан кейін несиені жауып, тағы да көлемді қаржы алғым келеді. Әкімдік қызметкерлерінен «Осы несиемді тезірек жапсам, тағы да қаржы алуға бола ма?» деп сұрағанмын. Олар «Болады» деп отыр. Егер үкіметтен қолдау болса, матрас тігетін станок сатып алғым келіп жүр. Себебі қазір мен матрастарды қолмен тігіп, көп уақытымды соған бөліп жатырмын. Жалпы тігін жұмысын дамытсам деп жоспарлап отырмын. Бұрын екі бөлмелі үйдің бір бөлмесінде жұмыс істейтінмін. Қазір жаңадан тігін цехын салып, ешкімге кедергі келтірмей, өз жұмысымды жанжандырып жатырмын», – дейді ол.
Шынар АҚЖАНҚЫЗЫ