Қазақстан Ауғанстанға автокөлік экспорттамақ

Қазақстан Ауғанстанға отандық автокөліктерді жеткізуді жоспарлап отыр. Бұл туралы Алматыда өткен бизнес форумы барысында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Серік Жұманғарин мәлім етті.

«Ауған тарапының ұсынысы бойынша, біз Қазақстанда өндірілген автокөлік құралдарын Ауғанстанға жеткізіп, кейіннен оларды Ауғанстанда қызмет көрсету орталықтарымен бірге орналастыру мәселесін қарастыруға дайынбыз»,- деді ол.

Ауғанстан
Фото: Alikhan Sariyev

 

2024 жылдың бірінші жартыжылдығында республикада жалпы құны 1,6 млрд доллар болатын 62 435 автокөлік шығарылды.

Серік Жұманғарин Ауғанстан делегациясының Қазақстанға сапары қорытындысына сәйкес екіжақты тауар айналымын $3 млрд-қа дейін арттыру міндеті қойылған Жол картасына қол қойылғанын жеткізді.