Жәмила Бақбергенова үшінші рет әлем чемпионатының финалына шықты
Тиранада (Албания) әйелдер күресінен олимпиадалық емес салмақтарда өтіп жатқан әлем чемпионатында қазақстандық спортшы Жәмила Бақбергенова финалға жолдама алды.
Азиядағы табыс-жетістіктерін айтпағанда, осыған дейін 2021 және 2022 жылдары әлем чемпионатының екі дүркін күміс жүлдегері атанған Жәмила 72 келіге дейінгі салмақта жартылай финалда моңғолиялық Болортунгалаг Зоригтпен белдесті.
Моңғолиялық балуан да оңай шағылатын жаңғақ емес, Азия чемпионатында топ жарған. Алғашқы ұпайды Зоригт алғанымен, Жәмила 6:3 есебімен алға шықты. Екінші кезеңде моңғол қызы есепті қысқартты – 5:6. Дегенмен Жәмила Бақбергенова дегеніне жетті – 8:6. Осылайша, Жәмила өз спорттық жолында үшінші рет әлем чемпионатының финалына шықты
Бүгін грек-рим күресінен 63 келіге дейінгі салмақта Ержет Жарлықасын финалда әзербайжандық Нихат Маммадалимен чемпиондық атаққа таласады.