Нәлібаев қоғам белсенділеріне неге қылмыстық іс ашылғанын түсіндірді

Бүгін Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Орталық коммуникациялар алаңында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына байланысты есеп беріп, журналистердің сұрақтарына жауап берді, деп хабарлайды Аlashorda.kz сайты
«Сіз облыс әкімі болып тағайындалғалы аймақтағы кейбір белсенді азаматтар қылмыстық іске тартылып жатыр. Мысалы Сандуғаш Тұрлыбекова, Тәуекел Күзембаев сияқты әлеуметтік желі белсенділерінің үстінен қылмыстық іс қозғалды. Соңғы бір айда арт спортпен байланысты тағы екі қоғам белсендісі іске тартылып жатыр деген әңгіме бар. Мұның себебін сіз немен түсіндіресіз?» деген сұраққа әкім жауап берді.
Нұрлыбек Мәшбекұлы ең біріншіден ол кісілер заңды жұмыс істеу керек екенін ескертті.
«Құқық қорғау органдары заң бойынша шешім қабылдап жатса, мен оған қалай ара түсемін? Мен ол азаматтарды білемін. Ол азаматтармен бірге жұмыс істедік, бірнеше рет менің қабылдауымда болды. Сұрақтары болса заңның аясында шешуге тырыстық. Ал енді құқық қорғау органдарына шынын айту керек ондай тапсырма бере алмаймын. Ал олардың қабылдаған шешімдерімен мен келісемін. Соттың шешіміне ешқандай түсініктеме бере алмаймын. Олардан неге ондай шешім қабылдағанын жазбаша сұрауға болады. Немесе біздің аппараттың жігіттері анықтап жауап беретін болады.
Әр азамат заңның аясында жұмыс істеуі керек. Мысалы мен заңды бұзсам, маған да тиісті шешімдер қабылданады. Ал қоғам белсенділері заңды бұзып, кемшіліктері болып жатса, әрине оларға тиісті шешім қабылдайды. Біз оған қалай араласамыз? «Мына кісі қоғам белсендісі еді немесе қоғамдық кеңестің мүшесі еді. Осыған тиіспе» деп айта алмаймыз. Бұл менің құзыретіме кірмейді», – деді ол.
Журналист «Арт спорт бойынша Ләззат Бақтыбаева, Перизат Болатқызы істі болып жатыр дейді. Аталған азаматтарды сіз танисыз ба?» деп әкімнен сұрады. Облыс әкімі аталған азаматтарды танитынын жасырмады.
«Менің қабылдауымда бірнеше рет жұмыс бабымен болған. Себебі қоғам белсенділері. Олардың сұрақтарын заңның аясында шешуге тырыстық. Қазіргі таңда іс қозғалып, олар тергеу барысында кінәлі болса, жауапқа тартылады, ал кінәсіз болса, оларға іс қозғаған құқық қорғау органдарының басшылары жауап беретін болады.
Шынында да арт спортқа байланысты мәселе болды. Тек арт спорт емес, білім саласында да жұмыс істеп жатырмыз. Өйткені қаражаттар көп жерде тиімсіз жұмсалған. Ол бойынша комиссия құрылып, жұмыс істеліп жатыр. Мысалы жекеменшік балабақшалардың өзінде бір жылға жуық уақыттың ішінде біздің жасаған жұмыстардың нәтижесінің арқасында 8 млрд жуық қаржы үнемделді. Неге? Бұрын 100 бала келсе, 200 бала келді деп тапсырыс берген. Яғни, 200 балаға қаражат төленіп келген. Біз осыны анықтап, халықтың қаражатын үнемдеп жатырмыз.
Арт спорт бойынша басқарма мониторингтік топ құрып, жұмыс істеп жатыр. Біз бір жылдың ішінде арт спорттан 3 млрд 800 млн теңге үнемдедік. Осыны халықтың игілігіне пайдаланып, жол мен әлеуметтік нысандар салып жатырмыз. Одан ары қарайда бұл жұмыстар жүргізіледі. Ал енді ол қоғам белсендісі бола ма, болмаса біздің мемлекеттік қызметкер бола ма, халықтың қаражатына араласатын болса, оның бәріне шешім қабылданады. Сондықтан мен қоғам белсендісіне араласпаңыздар деп айта алмаймын», – деді ол.