Бұрынғы мәдениет вице-министріне қатысты тергеу аяқталды

1 млрд теңгеден астам қаражатты жымқырды деп айыпталған Мәдениет және спорт министрлігінің бұрынғы вице-министрі Ерлан Қожағаппаров қатысты тергеу амалдары аяқталды, деп хабарлайды Антикор.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет қоғамда заңдылық пен тәртіп қағидатын қамтамасыз ету, сондай-ақ жоғары лауазымды тұлғалар арасындағы сыбайлас жемқорлықты жою бойынша жұмыстарын жалғастыруда. Осылайша, Агенттік Мәдениет және спорт министрлігінің бұрынғы вице-министрі және мердігер ұйым басшылығына қатысты ауыр қылмыс жасағаны бойынша тергеуді аяқтады.

— Олар қызметтік өкілеттіктерін асыра пайдаланды және 1 млрд теңгеден астам қаражатты жымқырды деп айыпталуда. Өткен жылдың 13 желтоқсанында Бас Прокуратура күдіктілерді сотқа берді. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды, — делінген Антикор таратқан ақпаратта.