Биыл шетелден көшіп келген қанша қазақ «қандас» мәртебесін алды?
2021 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша 8 867 адам тарихи отанына оралып, қандас мәртебесін алды. Жалпы, 1991 жылдан бері республикаға 1 миллион 79,2 мың этникалық қазақ оралған.
Осы жылдың басынан бастап Қазақстанға келген қандастардың жартысынан астамы (75,5%) — Өзбекстаннан, 10,4% — ҚХР-дан, 7% — Түркіменстаннан, 2,5% — Моңғолиядан және 4,5% — басқа елдерден келгендер.
Келген этникалық қазақтар негізінен Алматы (29,9%), Түркістан (14,5%), Маңғыстау (18,7%) және Жамбыл (8,0%) облыстарына, сондай-ақ Шымкент (10,7%) қаласына қоныстанды.
1 шілдедегі жағдай бойынша еңбекке қабілетті жастағы этникалық қоныс аударушылар үлесі — 55,5%, еңбекке қабілетті жастан кішілер — 25,3% және зейнеткерлер 19,2% құрайды.
Еңбекке қабілетті жастағы кандидаттардың ішінен білім деңгейі бойынша 10,9%-ының жоғары, 39,3%-ының орта кәсіби, 45,9%-ының жалпы орта білімі бар және 3,9%-ының білімі жоқ.