Стамбулда жүз мыңдаған адам шеруге шықты

Жұма күні кешке Стамбұлда соңғы он жылдықта болмаған ең ірі наразылық акциясы өтті деп хабарлайды BBC News орыс қызметіне сілтеме жасаған Alashorda.kz ақпараттық агенттігі.
Стамбұлда жүз мыңдаған адам қала әкімі Экрем Имамоғлуның «жемқорлық» және «террористік ұйымдарға көмектесті» деп айып тағылып, қамауға алынды. Осы іс аясында 100-ден астам адам, соның ішінде саясаткерлер, журналистер мен кәсіпкерлер ұсталды.
Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоған наразылық білдірушілерді қатаң сынға алды. Ол жұма күнгі жасаған мәлімдемесінде «вандализм мен көше террорлығына» және қоғамдық тәртіптің бұзылуына жол бермейтінін айтты.
Наразылық шерулері елде үшінші күн қатарынан жалғасуда. Стамбұлдағы наразылық акциясында сөз сөйлеген Республикалық халық партиясының (РНП) жетекшісі Өзгүр Өзел:
«Бұл РНП-ның митингі емес, мұнда түрлі партия өкілдері жиналып, Имамоғлуға қолдау білдіруде. Ердоған сот жүйесін саяси қару ретінде пайдаланып, Имамоғлуға қысым көрсеткісі келеді, бірақ біз бұған жол бермейміз», – деді.
Стамбұлдағы наразы топтарды тарату үшін полиция көзден жас ағызатын газ бен пластикалық оқтарды пайдалануға мәжбүр болған. Сонымен қатар, шерулер Анкара мен Измир қалаларында орын алды. Түркияның ішкі істер министрі Али Ерлыкая Х әлеуметтік желісінде 97 шеруші қамауға алынып, интернетте шеруге шақырды деген күдікпен 54 адамның ұсталғанын, сондай-ақ қақтығыс кезінде 16 полицейдің жарақат алғанын хабарлады.
Имамоғлу мен оның жақтастарын қамауға алу соңғы бірнеше айда бүкіл ел бойынша оппозициялық саясаткерлер, журналистер және ойын-сауық индустриясының өкілдеріне қарсы жүргізілген кең ауқымды репрессиялардың жалғасы болды. Оппозиционерлер Экрем Имамоғлуның қамалуының астарында саяси себептер бар десе, әділет министрлігі бұл істің артында «Ердоған тұр» деп ойлайтындарды сынады.
Экрем Имамоғлу өткен жылы өткен жергілікті сайлауда жеңіске жетіп, екінші мерзімге қайта сайланған болатын. Бұл – Ердоған билікке келгеннен бері билеуші партияның ел бойынша алғаш рет жеңіліс табуы еді. Сарапшылар Имамоғлуны 2028 жылғы президент сайлауында Ердоғанның негізгі қарсыласы болуы мүмкін деп болжаған.
Режеп Тайып Ердоған 22 жыл бойы басшылық қызметтерді атқарып келді, ол Түркияның премьер-министрі, әрі президенті болды. Ол егер Конституция ережелерін өзгертпесе, 2028 жылы президенттік сайлауға түсе алмайды.
Келесі жексенбіде РНП-ның президенттікке кандидат ұсынуы өтеді. Сайлауға бір жарым миллион адам қатысып, ал жалғыз кандидат – Экрем Имамоғлу. Оған қолдау білдіру үшін партия ел көлемінде символикалық сайлау өткізуді және дауыс беру жәшіктерін орналастыруды жоспарлап отыр.
Шынар АҚЖАНҚЫЗЫ