Олжас Бектенов тұрмыстық және өндірістік қалдықты қайта өңдеу саласын сынға алды

 ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов елімізде тұрмыстық және өндірістік қалдықтарды қайта өңдеу жұмыстарын сынға алды, деп хабарлайды Аlashorda.kz сайты Kazinform сілтеме жасап.

— Қалдықтардың жинақталып қалуы бүгінгі күннің ең өзекті проблемасына айналып отыр. Бұл мәселеге жете көңіл бөлмеудің салдары экологиялық ахуалға, сондай-ақ халықтың денсаулығы мен тұрмыс сапасына әсер ететінін көрсетті. Қалдықтарды басқару жүйесін дамыту үшін елімізде арнайы жеңілдікпен қаржыландыру тетігі бекітілген болатын. Бүгінде 94 жобадан тұратын пул жасақталды. Алайда оларды іске асыру барысы мүлдем мардымсыз. 67 жоба қарастырылған, соның 6-ауы ғана 4 млрд теңге қаражатпен қамтамасыз етілген. Бұл жобаларды дайындау барысында әкімдіктердің үйлестіру шараларының жеткіліксіз екенін білдіреді, — деді ол Үкімет отырысында.

Оның айтуынша, өңірлерде өткен жылы 5 млн тоннаға жуық тұрмыстық қалдық жиналған, оның 26 пайыз ғана қайта өңделген.

— Барлық нормативтік база қабылданды, соған қарамастан коммуналдық және басқа да қалдықтарды өртеу жобаларын іске асыру созылып кетті. Өндірістік қалдықтарды қайта өңдеу мәселесі де шешімін атппай келеді. Жыл сайын отандық кәсіпорындарда 1 млрд тоннаға жуық қалдық жинақталып қалады. Оларды қайта өңдеу көлемі небары 11 пайызды құрайды. Ал дамыған елдерде бұл көрсеткіш 70-80 пайызға жетеді, — деді Олжас Бектенов.

Фото: Ағибай Аяпбергенов