Дмитрий Попко Мексикадағы жеңісті жолын жалғастырды

Қазақстандық, әлемнің 175-ракеткасы Дмитрий Попко Морелос (Мексика) челленджер турнирінің екінші айналымына шықты.

Қазақстандық теннисші алғашқы айналымда әлемнің 152-інші, осы жарыстың 5-ракеткасы, бразилиялық Фелипе Мелигени Алвеспен кездесті.

Бірінші партияда Попко 6:3 есебімен басымдылық танытса, екіншісінде тай-брейкте сәтті ойнады – 7:6 (7:2).

Сағат жарымнан астам уақытқа созылған бәсеке барысында Д.Попко 8 эйспен бірге 8 брейк-пойнттың екеуін пайдаланды. Алвес 9 эйс, 1 брейкпен (4 брейк-пойнт) көзге түсті.

Дмитрий Попко ширек финалға шығу үшін әлемнің 321-ракеткасы, америкалық Максим Кресси немесе рейтингіде 497-орындағы германиялық Макс Вискандттың қай жеңгенімен таласады.

Бұған дейін Морелиядағы дәл осындай турнирде жеңімпаз атанған Д.Попко Мексикадағы жеңіс сериясын 6 матчқа жеткізді.

Тағы бір қазақстандық, рейтингіде 192-сатыдағы Бейбіт Жұқаев Морелоста әлемнің 162-інші, доданың 2-ракеткасы, канадалық Алексис Галарноға тап келді.

Үш сағат 2 минутқа созылған тартысты ойында Б.Жұқаев 6:7 (7:9), 7:6 (12:10), 3:6 есебімен жеңіліс тапты. Б.Жұқаев 24 эйс жасағанымен, 12 брейк-пойнтты пайдалана алмады.

Жүлде қоры 100 мың АҚШ долларына бағаланған Морелос жарысы 6 сәуірде мәресіне жетеді. Жеңімпаз 14 200 доллар табыс тауып, 75 рейтингілік ұпайға қол жеткізеді.

Қазақстандық Тимофей Скатов Бухарест (Румыния) ATP 250 турнирінің алғашқы айналымында қазіргі кезде рейтингіде 161-орында тұрған «Үлкен дулыға» жарысының үш дүркін жеңімпазы, 2008 жылғы Олимпиада чемпионы, швейцариялық, 40 жастағы Стэн Вавринкаға жол берді – 4:6, 7:6 (7:5), 6:7 (1:7). Бәсеке 3 сағат 16 минутқа созылды. Бұл С.Вавринканың биылғы маусымдағы ATP деңгейіндегі алғашқы жеңісі еді.

Рейтингіде 245-сатыдағы Денис Евсеев Менорка (Испания) челленджер турнирінің алғашқы айналымында әлемнің 145-ракеткасы, испаниялық Карлос Табернерге есе жіберді – 2:6, 6:4, 1:6.