«Бөбек» қоры арқылы сатылған баланың көз жасы кімнің мойнында?»

Facebook әлеуметтік желісіндегеі “Жаңа Қазақстан” тобында “Абыройын сақтаған ана: Сара Алпысқызының таза тағдыры…” деген жазба жарияланды, деп хабарлайды Аlashorda.kz сайты.
Аталған жазбада “Назарбаев әулетінің айналасында соңғы жылдары түрлі дау-дамайдың өршіп тұрғаны рас. Алайда осы әулеттің ішінде халықтың жүрегінен орын алып, таза атына көлеңке түспеген бір тұлға бар. Ол – Сара Алпысқызы Назарбаева деп пайымдайды Жаңа Қазақстан.
Сара Алпысқызы туралы сөз қозғалса, алдымен оның қайырымды жүрегі мен мейірімді жүзі көз алдымызға келеді. Өзіне бұйырған билік пен атақ-абыройды жеке басының пайдасына жұмсамай, керісінше, жетім мен жесірге, тұрмысы төмен отбасының балаларына арнағаны жұрттың есінде.
Тоқсаныншы жылдардың қиын-қыстау кезеңінде ашылған «Бөбек» қоры – Сара Алпысқызының қазақ қоғамына жасаған ең үлкен жақсылығының бірі. Осы қор арқылы мыңдаған бүлдіршіннің өміріне шуақ төгіп, тағдырына жол ашты.
Оның мінезіндегі ұстамдылық пен қарапайымдылық, биліктен бойын аулақ ұстауы ерекше құрметке лайық.
Қанша жыл Ақордада тұрса да, бірде-бір рет билік пен саясатқа араласпаған Сара Алпысқызының тұлғасы Назарбаев отбасының өзге мүшелеріне қарағанда өзгеше биікте тұр.
Ол ешқашан дүниенің соңына түскен жоқ, байлық пен даңққа ұмтылмады. Керісінше, тыныштық пен қарапайым өмірді таңдады.
Халық арасында «Назарбаевтар» деген сөзден көңілі қалған жұрт көп болса да, Сара Алпысқызының аты аталған жерде жылылық пен мейірімнің лебі еседі.
Қазір жасы егде тартып, денсаулығы сыр берген Сара Алпысқызы Алматыдағы шағын ортасында, көпшілік назарынан алыста тыныш тіршілік кешіп жатыр.
Қорыта келгенде, Назарбаев әулетінің ішінде таза атына дақ түспей, қарапайымдылығымен халықтың сүйіспеншілігіне бөленген тұлға – Сара Алпысқызы. Оның осы өмірлік ұстанымы бүгінгі билік басындағы азаматтарға үлгі болса игі еді” деп жазады.
Әйтсе де аталған жазбаның астына “Бөбек” қоры арқылы шетел асқан, сатылған, қазір ержетіп, ата-анасын іздеп, еңіреп жүргендердің көз жасы кімнің мойнында?”, “Жетімдердің көз жасы көзіне құйылсын, о дүниеде отқа жанатын болар… Алла біледі” деп әр түрлі пікір жазылып жатыр.