Бүгін – Отан қорғаушы күні

Бүгін Қазақстан халқы Отан қорғаушы күнін атап өтеді.

1992 жылы 7 мамырда Қазақстан Республикасы Президентінің Қарулы күштерді құру туралы №745 Жарлығы жарияланды. Жарлықта отандық қарулы күшті қалыптастырып, ол үшін тиісті жағдай жасау керектігі айтылған. Бұл – ел тыныштығын қорғап, бейбітшілікті қамтамасыз ететін әскери қызметшілерді құттықтап, құрмет көрсететін күн.

Айта кетейік, Қазақстан Қарулы күштер қатарында ер азаматтармен қатар, нәзік жандар да теңдей қызмет атқарып келеді. Олардың көпшілігі офицер атағына ие. Сондықтан, Отан қорғаушы күні – қыз-келіншектердің де мерекесі.

Қазақстан әскері құрылымында құрлық әскерлері, әуе қорғанысы әскерлері және әскери-теңіз күштері қамтылған. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Жоғарғы бас қолбасшысы, Президенттің тікелей бағынысында арнайы дайындалған аэроұтқыр әскерлері бар. Олардың мақсаты – төтенше жағдайда ерекше құпия операцияларды жүргізу.

2012 жылы 7 мамыр мемлекеттік мереке болып жарияланды және демалыс күні саналады.