Ақ халатты абзал жандарға құрмет: Талдықорғанда мерекелік шара өтті

Салтанатты жиында Жетісу облысы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Садыков Асқар Маратұлы құттықтау сөзінде денсаулық сақтау жүйесіндегі мейірбикелердің рөлін атап өтті. Олардың ұзақ жылдар бойы жинаған баға жетпес еңбегі мен тәжірибесі науқастарды түрлі дерттен сауықтыруға қызмет етіп келеді.
– Сіздерді 12 мамыр – Халықаралық мейірбикелер күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бүгін сіздер осы ұлы істің лайықты ізбасарысыздар. Сіздер күнделікті кәсіпқойлықтың жоғары деңгейін және әрбір пациентке шынайы қамқорлықты көрсетесіздер.
Сіздердің жұмыстарыңыз тек терең білімді ғана емес, сонымен бірге шыдамдылықты, мейірімділік пен жанашырлықты қажет етеді. Сіздерге шыдамдылық пен адалдық таныта білгендеріңіз үшін шын жүректен алғыс айтамын! – деді басқарма басшысы.
Салтанатты жиында Көксу аудандық орталық ауруханасының онколог кабинетінің мейірбикесі Лайла Балабекова «Еңбек ардагері» төсбелгімен және Облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының бас мейірбикесі Жанна Кариева «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен марапатталды.
Кәсіби мереке қарсаңында «Өз кәсібінің үздігі» төрт номинациясы бойынша жеңімпаздар марапаталды.
“Стационардың үздік медбикесі” номинациясын Ақсу орталық аудандық ауруханасының хирургиялық бөлімшесінің медбикесі Раушан Казиева, “Алғашқы медициналық-санитарлық көмектің үздік медбикесі” номинациясын Ескелді аудандық орталық ауруханасының мейірбикесі Арай Ахметова, “Үздік фельдшер” номинациясын Бескөл дәрігерлік амбулаториясының фельдшері Азамат Құрамысов және “Үздік акушер” номинацияын Алакол аудандық Ақтүбек дәрігерлік амбулаториясының мейірбикесі Мадина Низабекова жеңіп алды.
Сонымен қатар мейірбикелер кәсіби мерекеге орай Денсаулық сақтау министрінің Құрмет граммотасымен және Алғыс хаттарымен марапатталды.
Жетісу облысындағы медициналық ұйымдарда алты мыңнан астам мейірбике жұмыс істейді.