Абылай Мырзахметов шартты түрде мерзімінен бұрын босатуды сұрады

 «Атамекен» ҰКП-ның бұрынғы төрағасы, алаяқтық үшін сотталған Абылай Мырзахметов шартты түрде мерзімінен бұрын босатуды сұрады.

— Сотталушы Абылай Мырзахметовтің өтінішхаты Павлодар қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотына түсті. Онда шартты түрде мерзімінен бұрын босатуды сұраған. Өтінішхат 2 мамырда тіркелді. Заң бойынша бір ай мерзім ішінде қарастырылады, — деп хабарлады Павлодар облыстық сотының баспасөз қызметінен.

Айта кетейік, Абылай Мырзахметов Павлодар облысындағы № 46 түзеу мекемесінде жазасын өтеп жатыр. Бір апта бұрын Бас прокуратура аталған колонияда түсірілген бейнематериалды жариялады. Онда биг-бэг қаптарын шығаратын өндіріс іске қосылғаны көрсетілген.

Ведомствоның мәліметінше, жаңа өндіріс № 46 түзету мекемесінде іске қосылған. Қажет жабдықтар мен жұмыс орындарын кәсіпкерлер қамтамасыз еткен.