Олжас Бектенов Қостанай облысындағы білім беру нысандарына барды

Премьер-министр Олжас Бектенов Қостанай облысына жұмыс сапары барысында Мемлекет басшысының білім беру мен денсаулық сақтау салаларының инфрақұрылымын дамыту жөніндегі тапсырмаларының іске асырылуын тексерді. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.
Олжас Бектенов Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық университетіне барып, өңірдегі жоғары білім беруді дамыту бойынша атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Университеттің инфрақұрылымына оқу корпусы, 2 жатақхана, тәжірибе базасы, спорттық-сауықтыру кешені, мұражайлар мен медициналық кабинеттер кіреді. Мұнда 2,6 мыңнан астам студент пен магистрант білім алады.
Ы.Алтынсарин атындағы университет ректоры Талғат Ещжанов университет ғимараттарының бірін 20 зертханасы мен 15 дәріс залы бар заманауи оқу корпусына айналдыру мақсатында реконструкциялау жоспарлары туралы баяндады. Бұл контингентті 2 есеге арттыруға және 5,2 мың студентке жеткізуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар IT, экономика, ауыл шаруашылығы және басқа да мамандықтар бойынша кадрлар даярлау үшін ЖОО-ның білім беру бағдарламалары мен ғылыми базаларын кеңейту жоспарланып отыр.
Премьер-министр экономикалық өсудің негізі ретінде адами капиталды дамыту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстың маңызын атап өтті.
— Заманауи еңбек нарығы жаңа технологиялардың жедел дамуы аясында тез өзгеріп жатыр. Біз экономикамыз үшін басым салалар бойынша мықты әрі бәсекеге қабілетті мамандар даярлауымыз керек. Оған қол жеткізу үшін бізге, әсіресе, өңірлердегі білім беру инфрақұрылымын жақсарту маңызды. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Арқалық педагогикалық университетін дамытуға, оның ішінде оқу ғимаратын реконструкциялауға Арнаулы мемлекеттік қордан 1,9 млрд теңге бөлінді. Жоғары сапалы база ЖОО-ға жаңа экономикалық идеяларды іске асыруға бағытталған ғылыми-зерттеу жобаларын белсенді түрде дамытуға мүмкіндік береді. Инновациялық технологияларды енгізуге және білім берудің заманауи әдістемелерін дамытуға назар аудару керек, — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Сондай-ақ Премьер-министр Арқалық қаласында Президенттің бастамасымен қолға алынған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынған №7 жалпы білім беретін мектепте болды. 300 орындық жайлы мектептің ашылуы заман талабына сай сапалы білім алуды қамтамасыз етті. Оқушылар үшін робототехника кабинеттері, STEM зертханасы, цифрлық кітапхана, музыка кабинеті, спорт, шығармашылық және ғылыми үйірмелер жұмыс істейді. Сонымен қатар инклюзивті білім беруді дамытуға баса назар аударылады.
Жалпы, Қостанай облысында 2024–2025 жылдары «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 3 300 орындық 4 мектеп қолданысқа берілді. Бүгінде 7 мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр, оның ішінде екі ыңғайлы мектеп (Рудный қаласында 900 орындық және Әулиекөл ауданының Құсмұрын ауылында 300 орындық).
3 240 орындық 5 жалпы білім беру мекемесін 2025 жылы тапсыру жоспарланып отыр. Жалпы Қазақстан бойынша 2025 жылдың соңына дейін 217 жайлы мектептің құрылысы жоспарланған, оның ішінде 105 мектеп пайдалануға берілген.
Сондай-ақ Премьер-министр Арқалықта азаматтарға көрсетілетін медициналық қызметтің сапасын арттыру шараларын тексерді. Атап айтқанда, бүгінде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан Арқалық өңірлік ауруханасының перзентхана ғимаратына барды. Перзентхана ғимараты төбесі, қабырғалары қалпына келтіріліп, жылу, су, кәріз жүйелерін жаңартумен қатар, заманауи құрылғылармен жабдықталмақ.
Жобаның жалпы құны шамамен 1,2 млрд теңге. Бүгінде құрылыс-монтаж жұмыстары 70% аяқталды. Премьер-министрдің тапсырмасы бойынша жақын арада медициналық нысанда күрделі жөндеуді аяқтау үшін қаражат бөлінетін болады.