Жанар Нұрмұратқызын Қарасаз тұрғындары екінші рет сайлады

Мемлекеттің дамуы мен елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан алға басуын ең әуелі ауылдық аумақтардағы инженерлік инфрақұрылымның жақсаруынан байқауға болады. Ауылішілік жолдардың жөнделіп, көшелердің жарықтандырылуы, тұрғындардың табиғи газ және таза ауызсумен қамтылуы осының айқын дәлелі. Мысалы, Жуалы ауданындағы Қарасаз ауылдық округінің бұл тұрғыда тіршілігі тіктелген, округ тұрғындары инфрақұрылымның игілігін көріп отыр
Аталған Қарасаз ауылдық округіне Қарасаз, Ақбастау, Жүрімбай, Қарасу және Көктас ауылдары қарайды. Ақбастау ауылының тұрғыны Болат Тұрмаханбетов ауыл әкімі әйел адам болса да өз ісінің нағыз маманы екенін айтады. Жанар Нұрмұратқызы 2021 ауылдық округ әкімі болып сайланып, содан бері ауылдың өркендеуіне күш салған екен. Биыл көктемгі әкім сайлауында да тұрғындар Жанарға дауыс беріп, ол өз қызметіне қайта кірісіпті.
– Әкіміміз нағыз халықтың адамы. Ол 2021 жылы әкім болып сайланғалы бес жыл ішінде ауылішілік көшелер мен жолдар түгел жөнделіп, көшелер жарықтандырылды. Халық орталықтандырылған сапалы ауызсуға қол жеткізді. Соңғы жылдары халықтың тұрмыстық табысын артттыруда «Ауыл аманаты» жобасының да тигізген пайдасы мол болды. Халық мал, егін шаруашылығы, кәсіппен айналысып, тұрғындардың тұрмысы түзелді. Биылғы 2025 жылғы әкім сайлауында біз өз кандидатымызға таңдау жасадық. Себебі әкім істің байыбын білетін, халыққа жаны ашитын адам – деді Болат Тұрмаханбетов
Осыдан кейін біз ауыл әкімінің өзімен тілдестік. Оның айтуынша округ құрамындағы бес ауыл бүгінде расында да инфрақұрылымдық тұрғыдан біршама алға ілгерілеген екен. Округ халқының тұрмыс сапасын арттыру бағытында тиісті жұмыстар жыл сайын жүйелі атқарылуда.
– Қарасаз ауылдық округіне Қарасаз, Ақбастау, Жүрімбай, Көктас және Қарасу ауылдары кіреді. Аталған ауылдық округтің тұрғындар саны 3 587 болса, олардың арасында 13 түрлі ұлт өкілі бар. 2008 жылы Жуалы ауданы әкімі аппаратына бас маман қызметіне жұмысқа орналасқан әкім мемлекеттік қызметте тәжірибені осы жерден жинайды. Бұл қызметті 2017 жылға дейін атқарып, сол жылдың қазан айында Қарасаз ауылдық округі әкімі аппаратының іс жүргізу және есеп бөлімшесінің басшысы лауазымына ауысқан екен. Екі мәрте Қарасаз ауылдық округі әкімі лауазымына сайлауға түсіп, халықтың қолдауымен округ әкімі болып тағайындалып отыр. Әкімдік қызметте болған төрт жыл ішінде ауылдық округтің барлық ауылішілік жолдары ретке келтіріліп, көшелер толықтай жарықтандырылған. Барлық елді мекендерге ауызсу жүйесі толығымен тартылыпты. Халықтың тұрмыс деңгейін жақсарту мақсатында түрлі мемлекеттік бағдарламалар бойынша жұмыс атқарылып, округтің әлеуметтік-экономикалық жағдайы едәуір жақсарған.
– Ауыз су мәселесі бойынша төрт ауыл, яғни Қарасаз, Ақбастау, Жүрімбай және Қарасу елді мекендері орталықтандырылған ауызсу жүйесіне қосылған. Ал Көктас ауылында тұрғындар модульдік ауыз су құрылғысы арқылы таза ауыз сумен қамтамасыз етіліп отыр. Көлік қатынасына келсек, округке қарасты 15 көшенің 14-і асфальтталған. Бұл ауылішілік көшелердің жағдайын жақсартуға күш салуымыздың, соның арқасында жол инфрақұрылымының айтарлықтай жақсарғанын білдіреді. Дегенмен, Жүрімбай ауылындағы Жеңіс көшесі мен Болашақ бұрылысының жолдары әлі де орташа жөндеуді қажет етіп отыр. Қазіргі таңда осы жол учаскелеріне қатысты жобалық-сметалық құжаттар дайындалып, сараптамадан өткізілді. Қаржыландыру мақұлданған жағдайда, жөндеу жұмыстары алдағы уақытта қолға алынатын болады.
Көшелердің жарықтандырылуы да толық жүзеге асырылған. Ауылдық округтегі барлық 15 көше түнгі жарықпен қамтылған. Сондай-ақ округ халқы толық көгілдір отынның қызығын көріп отыр. Әр ауылда табиғи газдың болуы тұрғындардың тұрмысын жеңілдетіп, ауылдық жерлердегі халықтың өмір сапасының артуына айтарлықтай септігін тигізіп отыр. Электрмен қамту саласына келсек, округ аумағында жалпы саны 14 трансформатор бар, оның төртеуі қоршалған. Сонымен қатар 876 электр бағаны қызмет көрсетіп тұр, алайда олардың 80 пайызының тозығы жеткен. Бұл мәселе де назардан тыс қалған жоқ. Құзырлы мекемелерге тиісті өтінім жолданып, жаңғырту жұмыстарының қолға алынуы күтілуде.
Әлеуметтік салада да оң өзгерістер бар. Округте бір дәрігерлік амбулатория мен төрт фельдшерлік пункт халыққа медициналық қызмет көрсетіп келеді. Сонымен қатар екі орта мектеп пен екі бөбекжай-балабақша, №16 колледж, мәдениет үйі мен кітапхана жұмыс істеп тұр. Бір айта кетерлігі, бұл нысандардың барлығы орталықтандырылған ауыз су және табиғи газ жүйесіне қосылған, яғни жылыту мәселесі толығымен шешілген. Қорыта айтқанда, Қарасаз ауылдық округінде инфрақұрылымды дамыту бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Ауызсу, газ, жарық, жол және әлеуметтік нысандар бойынша қол жеткен жетістіктер қысқаша айтқанда осындай. Дегенмен, тозығы жеткен электр желілері мен жөндеуді қажет ететін жолдар секілді мәселелер жақын арада шешімін табатынына сенімдімін, – дейді Жанар Нұрмұратқызы.
Ауыл әкімі Жанар Нұрмұратқызының тағдыр жолы тағылымға толы. Ол Өзбекстан Республикасы, Новаий облысы, Кенимех ауданы, Ақтөбе ауылында дүниеге келген. Негізгі тамыры – Қызылорда облысы, Шиелі ауданынан бастау алады. 1996 жылы отбасы тарихи отанына оралып, Жуалы ауданы, Бауыржан Момышұлы ауылына қоныс аударады. Әкесі Нұрмұрат Елеусінұлы мен анасы Рахат Тухтайқызы туған елде өмір жолдарын қайта бастауға мәжбүр болды. Жұмыссыздық пен үйсіздік қиындықтарын бастан өткеріп, тіршілікті тіктеудің жолын қарастырды. Әкесі түрлі жұмыс істеп, трактор тізгіндеді. 2001 жылдан бастап сүт жинау ісін қолға алып, Жүрімбай және Қарасаз ауылдарынан сүт тасымалдаумен айналысатын кәсіпкерге атанады. Осылайша отбасы біртіндеп қиындықтардан арылып, тұрмысын түзеп алды. Анасы сауыншылықпен айналысып, кейіннен зейнетке шығыпты. 1998 жылы отбасы Қарасаз ауылдық округіне қарасты Жүрімбай ауылына қоныстанды.
Жанар Нұрмұратқызы ең алдымен отбасындағы және қоғамдағы рөлін айқын сезініп, әйел болмысына тән нәзіктік пен парасатты биікте ұстағанын айтады. Бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөліп, келіндік міндетін де лайықты атқаруға тырысқан. Өзінің айтуынша, ол үшін ең маңыздысы – туған ауылын көркейту.
– Мен анамын, мен әйелмін. Кейде нәзікпін, кейде батырмын. Бұл өмір мәңгілік емес. Көптің есінде адал, іскер, жауапты, ақжарқын кейіпте қалғым келеді. Ал балаларыма мейірімді, қамқор ана ретінде есте қалу мен үшін бәрінен қымбат қасиет. Мемлекеттік қызметкердің уақыты шектеулі, бос уақытым аз. Соған қарамастан, бар жылуымды балаларға беруге, олардың тәрбиесіне көңіл бөлуге тырысамын. Екі қызым, бір ұлым бар. Десе де халық маған сенім артты, мен осыны әрдайым жадымда ұстаймын. Қызмет жолында табандылық қажет, мемлекеттік қызмет еркелікті, арқаны кеңге салуды, міндетіңе салғырт қарауды көтермейді. Әрдайым жауапкершілікпен жұмыс істеп, адал қызмет ету басты мақсатым. Осының арқасында ел құрметіне бөленіп отырмын деп ойлаймын, – дейді ауыл әкімі.
Үлкен-кішіге құрметпен қарап, кішіпейілділік танытып, елмен етене араласып жүрген Жанар Нұрмұратқызы қарапайымдылығы мен іскерлігі арқылы жұрт ықыласына бөленіп жүр. Мемлекеттік қызмет пен отбасындағы рөлін шебер ұштастырып, нәзіктік пен қайсарлықты қатар алып жүрген оны тұрғындардың мақтауы тегін емес.