Жуалыда жол жөндеуге 1,5 миллиард теңге бөлінді

Жамбыл облысының жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдары 4 352 шақырым болса, ал елді мекен көшелерінің желісі – 5732 шақырым. Осы 10 084 шақырым жолдың 1 204 шақырымы республикалық, 1697 шақырымы облыстық, 1451 шақырымы аудандық маңызы бар автомобиль жолдары.
2025 жылы жергілікті маңызы бар автожолдар мен елді мекен көшелерін жөндеуге 28 миллиард теңге бөлініпті.
– Бөлінген қаражат есебінен 17,7 шақырым көше жолдарын құрылыспен, 8 шақырым қайта жаңғыртумен және 443,8 шақырым жолдарды орташа жөндеумен қамту жоспарланған. Оның ішінде 61,4 шақырымы облыстық маңызы бар автожолдар, 47,2 шақырымы аудандық маңызы бар жол. Ал жөндеуден өтетін елді мекен көшелері 335,2 шақырымды құрайды.
Барлығы 181 жоба іске асырылып, 469,5 шақырым жол құрылыс, қайта жаңғырту, орта жөндеулермен қамтылады. Оның ішінде «Көлік-логистикалық әлеуетін дамыту тұжырымдамасы» ұлттық жобасы аясында 23 жоба бойынша 108,6 шақырым, «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында 79 жоба арқылы 202,2 шақырым, «Өңірлерді дамыту» бағдарламасымен 6 жоба аясында 20,3 шақырым жол жөнделеді. Оның 2,6 шақырымы жаңғырту, 17,7 шақырымы құрылыс жұмыстары.
Облыстағы қала, аудан секілді жергілікті бюджеттерден 70 жоба арқылы 133 шақырым жолға 8 миллиард теңге бағытталды. Жыл қорытындысымен «Жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жергілікті маңызы бар автожолдардың үлесі» индикаторлық көрсеткішін 99,5 пайыз, елді мекен көшелері бойынша бұл көрсеткішті 89 пайызға (жақсы-70%;) жеткізу межеленіп отыр. Бөлінген қаржылар ішінде жалпы 3,4 миллиард теңгеге жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жергілікті жолдар мен елді мекен көшелерін ағымды жөндеу мен күтіп ұстау жұмыстары атқарылатын болады, – дейді облыс әкімдігі жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мұрат Саурықов.
«Жуалыда 40 шақырым автожолды орташа жөндеуден өткізу жоспарланған»
Облыс орталығынан шалғайда жатқан Жуалы ауданында да соңғы жылдары автомобиль жолдары мен ауылішілік көшелердің жағдайын жақсартуға баса мән берілуде. Мақсатты межеге қол жеткізу бағытында бірқатар игі істер атқарылып келеді. Елді мекендердің арасын байланыстырып тұрған тақтайдай тегіс жолдар ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының басты көрсеткішінің бірі екені анық. Жуалы ауданы әкімдігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Қайрат Жатқанбаев ауданындағы жолдардың ұзындығы 563,5 шақырымды құрайтынын сөз ете отырып, жалпы инженерлік инфрақұрылымға қатысты атқарылып жатқан жұмыстар бойынша кеңінен мәлімет берді.
– Қазіргі уақытта Жуалы ауданында жол сапасына қатысты мәселе кезең-кезеңімен шешімін тауып келеді. Бұл мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған нақты қолдаудың, сондай-ақ жүйелі жоспар мен мақсатты жұмыстардың жемісі. Жалпы аудан аумағындағы автомобиль жолдарының ұзындығы 563,5 шақырымды құрайды. Оның ішінде республикалық маңызы бар автомобиль жолдары – 43 шақырым, облыстық маңызы бар жолдар – 132 шақырым, аудандық маңызы бар жолдар – 125,5 шақырым, ауылішілік жолдар – 263 шақырым.
2025 жылға арналған жұмыс жоспарына сәйкес, жалпы сомасы 1,5 миллиард теңгеге 12 жоба қолға алынып, 40 шақырым автожолды орташа жөндеуден өткізу жоспарланған. Қазіргі уақытта бұл жұмыстар бірнеше ауылдық округте басталып, жұмыс қарқыны күн санап үдей түсуде. Орта жөндеу жұмыстары аясында жол жамылғысын жаңарту ғана емес, жол жиегін нығайту, су өткізгіш құбырларды орнату, қауіпсіздік белгілерін қайта жаңарту сияқты кешенді шаралар қарастырылған.
Біз жыл соңына дейін жергілікті маңызы бар жолдарды 99 процент, ал елді мекен көшелерін 93 процент жақсы және қанағаттанарлық күйге жеткіземіз деп отырмыз.
Тағы бір айта кетер жайт, әлеуметтік маңызы бар жолаушылар тасымалы мәселесі де назарымыздан тыс қалған жоқ. Осы бағытта «Нәркес-Строй Маркет» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен арнайы келісімшарт жасалып, аудан мен ауылдар арасында тұрақты бағыттар жұмыс істеп тұр. Бұл әсіресе шалғай ауылдарда тұратын тұрғындар үшін өте өзекті. Елді мекендерге, аудан орталығына қатынау ісі нақты шешімін тауып отыр.
Біздің мақсат – халыққа қолайлы жағдай жасау. Автомобиль жолдарының жай-күйі жақсы болса, тұрғындар да жолсоқты болмайды. Сондықтан бұл саладағы жұмыстарды жүргізу жалғаса береді. Мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қолдаудың әрбір тиыны тиімді жұмсап, сапалы жол салу арқылы ел игілігіне қызмет ету – біздің басты міндетіміз, – дейді Қайрат Есенбекұлы.
Бәйтерек ауылындағы 12 көшенің 11-іне асфальт төселді
Аудан аумағындағы ауылішілік көшелер мен ауданаралық жолдар кезең-кезеңімен жөнделіп, асфальт төсеу жұмыстары қарқын алуда. Әсіресе, биылғы жылы бірқатар елді мекендерге апаратын жолдар толықтай жаңғыртылып, кейбір учаскелерде кеңейту және тозығы жеткен көпірлерді ауыстыру жұмыстары жүргізілді. Қазіргі таңда Күреңбел, Дихан, Қызылсу, Қарабастау сынды ауылдарға баратын жолдардың жағдайы айтарлықтай жақсарыпты.
Айта кету керек, жол жөндеу жұмыстары шалғайда жатқан елді мекендерде де жүргізіліп жатыр. Мысалы, Ақтөбе ауылдық округі әкімі аппаратында бас маман – қаржы агенті болып қызмет атқаратын Исабек Камаловтың айтуынша, ауылдық округте жол, көше жөндеу, ауылішілік жолдарды қалпына келтіру біртіндеп шешімін табуда.
– Ақтөбе ауылдық округінде қырғыз елімен шектесетін Бәйтерек ауылы бар. Шекара шебінде жатқан осы ауылдың өзі ауы су және табиғи газбен қамтамасыз етілген. Елді мекендегі 12 көшенің 11-іне асфальт жамылғысы төселген. 1 көшеге асфальт төсеу үшін жобалық сметалық құжат жасалды. 8 көшеге көше жарығы тартылған. Мұнда әкімшілік, шекара заставасы, балабақша, орта мектеп, амбулатория, кітапхана, мәдениет үйі, почта, учаскелік пункт секілді маңызды нысандар орналасқан. Шекара қауіпсіздігі бойынша Ақсуат шекара заставасы қызмет атқарады, ысқаша айтқанда, ауыл көшелері жарықтандырылған, жолдардың жағдайы жақсы – дейді Исабек Көбейсінұлы.
Жуалының жері шұрайлы болғанымен, табиғаты қатал, қысы ұзақ екені баршаға мәлім. Қыс мезгілінде әр кез ақтүтек боран, қарлы дауыл тұрып, жолдарды жауып қалып жататыны белгілі. Дегенмен аудан әкімдігі сондай бір қыстың қатал сынақтарында жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында талай мәрте сыннан сәтті шыққаны ақиқат. Жуалы ауданының жол инфрақұрылымын жақсарту бағыттарындағы жүйелі жұмыстар жалғасын таба береді.