Күреңбелдіктер сапалы ауызсумен қамтылып жатыр

Бүгінде еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуында азаматтардың өмір сүру сапасын арттыру, олардың тұрмыстық игіліктерге қол жеткізуі – мемлекет үшін ең маңызды басымдықтардың бірі. Негізінде азаматтардың толыққанды өмір сүруіне жағдай жасау, онымен қоса олардың тұрмыстық игіліктерге қолжетімділігін арттыру ісі қашанда маңызды мәселе.

Мемлекеттік дамудың оң нәтижелері және облысқа, ауданға қарасты елді мекендерді инженерлік-инфрақұрылымдық жүйелермен толықтай қамтамасыз ету туралы сөз қозғалғанда, өңір тұрғындарының тұрмыстық игіліктерге қол жеткізуі сәтімен орындалып жатқаны көңілді қуантады. Десе де бұл халықтың тәуір тұрмыс кешуінің маңызды көрсеткіші ретінде қарастырылады. Атап айтқанда, елді инженерлік-инфрақұрылыммен қамтамасыз ету осы бағыттағы түбегейлі өзгерістердің нақты көрінісі.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің әрбір Жолдауында бұл мәселеге ерекше назар аударып келеді. Мемлекет басшысы «Еліміздің басты құндылығы – адам. Бұл – айқын нәрсе. Сондықтан, ұлттық байлықты тең бөлу және баршаға бірдей мүмкіндік беру – реформаның басты мақсаты» деп атап көрсетті. Бұл елімізде жүргізіліп жатқан әрбір инфрақұрылымдық жобаның арғы жағында нақты адам тағдыры, тұрмыс сапасы, халықтың жайлы өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау міндеті жатқанын көрсетеді. Осы тұрғыдан алғанда, Жуалы ауданында да ел игілігіне бағытталған ауқымды істер жүзеге асырылуда. Әсіресе, тұрғындарды таза ауызсумен қамту жұмыстары қарқынды жүруде.

– Бүгінде Жуалы ауданында ауызсу жүйелерімен қамту үлесі айтарлықтай артты. Аудан бойынша 49 елді мекеннің дені орталықтандырылған ауызсу жүйесіне қосылып отыр. Бұл – тек соңғы екі-үш жылда жүйелі түрде жүргізілген істердің жемісі. Мәселен, 2023 жылы Бәйтерек, Тасбастау және Кәріқорған ауылдарында жаңа ауызсу жүйелерінің құрылыс жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар Қызтоған, Қаратас және Әбдіқадыр ауылдарында кешенді-модульді блок орнатылып, бұрыннан бар жүйелер жаңартылды. Аталған ауылдардағы жұмыстар былтыр толық аяқталып, қазіргі таңда тұрғындар тіршілік нәрін кедергісіз пайдаланып отыр.

Аудан бойынша ауызсумен толық қамтылмаған елді мекендерді де назардан тыс қалдырған жоқпыз. Түктібай және Ақтөбе ауылдарына 2024 жылы ауызсу жүйесін тарту жұмыстары басталып, бүгінде бұл елді мекендерге де таза ауызсу жеткізілді. Мұнымен тоқтап қалған жоқпыз. 2024 жылы Көктас, Қарасу, Амансай, Күркіреусу, Қазбастау сияқты шағын елді мекендерде ағымдағы жөндеу және кешенді-модульді блок орнату арқылы тұрғындарды ауызсумен қамту жұмыстары сәтті жүзеге асырылды.

Ал тұрғындар саны анағұрлым көп Б.Момышұлы, Қайрат, Көлбастау, Бақалы және Күреңбел ауылдарындағы тозығы жеткен ауызсу жүйелерін қайта жаңғырту үшін 2024 жылы жобалық-сметалық құжаттар дайындалды. Қазіргі таңда бұл жобалар бойынша нақты жұмыстар біртіндеп қолға алынуда – дейді Жуалы ауданы әкімдігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Қайрат Жатқанбаев.

Атап айтсақ, бүгінде Күреңбел ауылында ауызсу жүйесін жаңарту және кеңейту жұмыстары басталыпты. 2025 жылдың сәуір айында Күреңбел ауылында ауызсу жүйесін жаңарту және кеңейту жұмыстары нақты қолға алынып, ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған маңызды жоба қазір қырқынды іске асырылуда. Қазіргі таңда құрылыс алаңында су құбырларын тарту, жаңа су желілерін орнату жұмыстары қарқынды жүріп жатыр екен. Құрылыс жұмыстары бірнеше кезеңмен жүзеге асырылып, жақын арада ауылдың барлық бөлігін қамтитын болады. Жоба аяқталған соң, Күреңбел ауылы толықтай таза әрі қауіпсіз ауызсумен қамтамасыз етілмек. Жергілікті халық бұл игі істі қуанышпен қабылдап, ауылдың дамуы үшін жасалып жатқан нақты жұмыстарды оң бағалауда. Ауызсудың қолжетімді болуы тұрғындардың денсаулығы мен тұрмысы үшін аса маңызды іс. Күреңбел ауылындағы бұл су құрылысы елді мекендердің инфрақұрылымын жақсарту жолындағы нақты жетістіктердің көрінісі екені даусыз.

– Халықтың тұрмысын жеңілдетіп, өмір сүру сапасын арттыру – кез келген мемлекет дамуының басты алғышарттарының бірі. Осы орайда, Мемлекет басшысының нақты тапсырмасына сәйкес 2025 жылға дейін тұрмыстық игіліктерден қағылған ауылдардың барлығы толыққанды инженерлік-инфрақұрылыммен қамтамасыз етілуі тиіс. Бұл – міндетті меже, әрі еліміздің әлеуметтік дамуындағы стратегиялық басым бағыт. Соңғы жылдары елімізде демографиялық өсімнің серпінді түрде артып келе жатқаны қуантады. Бұл – мемлекет саясатының өміршеңдігін айқындайтын оң үрдістердің бірі. Сол секілді Жуалы ауданында да тұрғындар саны жыл санап көбейіп келеді. Осыны ескерсек, елді мекендерді ауызсумен, жылумен, табиғи газбен, электр энергиясымен және қанағаттанарлық деңгейдегі автокөлік жолдарымен қамтамасыз ету мәселесіне ауданда баса назар аударылып отыр.

Бұдан бөлек, орталықтан шалғайда орналасқан ауылдық елді мекендерді инфрақұрылыммен қамту бүгінгі күннің басты талабына айналған. Атап айтқанда, сондай ауылдарға таза ауызсу мен табиғи газ құбырларын жеткізу, сонымен қатар жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының сапасын арттыру кезең-кезеңімен жүргізілуде. Осы мақсатта бүгінде Жуалы ауданында бірнеше ірі жобалар жүйелі түрде жүзеге асырылып жатыр. Соның бірі – бір айдан бері ауызсу құбыры тартылып жатқан Күреңбел ауылындағы жемісті жобы. Оның құрылыс алаңында қазір су құбырларын тарту, жаңа су желілерін орнату жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Аталған шаруалар бірнеше кезең бойынша жүзеге асырылады. Жоба толық аяқталған кезде Күреңбел ауылы толығымен таза әрі қауіпсіз ауызсумен қамтылатын болады.

Жалпы алғанда, ауданымызда елді мекендерді сапалы ауызсумен қамту бағытында кешенді жұмыстар әлі де жалғасуда. Бүгінгі таңда Жуалы ауданының елді мекендерінің 95 пайыздан астамы орталықтандырылған ауызсу жүйесіне қосылған. 2025 жылдың соңына дейін бұл көрсеткішті 100 пайызға жеткізу басты мақсатымыз, – дейді Қайрат Есенбекұлы.

Облыс бойынша халықты ауызсумен қамту деңгейін тиісті межеге жеткізу жоспары бар. Облыстағы 371 елді мекеннің бүгінде 97 пайызы таза ауызсумен қамтылған. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті толықтай 100 пайызға жеткізу басты мақсат болған соң, осы үдеден шығуға барлық аудандар күш салуда. Мемлекеттің қамқорлығы, ел қаржысының мақсатты жұмсалуы және жергілікті билік органдарының үйлесімді жұмысының нәтижесінде бүгінде Жуалы ауданында осы тектес игі істер сәтімен жүзеге асырып жатыр. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да өз жалғасын табады.