Айдос Үкібай Назарбаев не үшін Мәскеуге барғанын түсіндірді

“Назарбаев Мәскеуде не жоғалтты?” деген сұрақ соңғы бірнеше күн бойы Әшкере оқырмандарына маза бермей жүр. Экс-президенттің баспасөз хатшысы Айдос Үкібай әлгі сауалға егжей-тегжейі жауап қатқан екен.
Үкібайдың сөзінше, Назарбаев Мәскеуге өзі жетіп бармаған, оны Кремль көсемі арнайы шақырыпты. Әбішұлы қандай да бір ресми шараларға қатыспаған.
Сапар Жеңіс күнімен байланысты болған, алайда Тоқаевпен қабаттасып қалмау үшін, Нұрекең Кремльге парад өткесін барып бас сұққан.
“Назарбаев пен Путиннің арасында көп жылдан бері жалғасып келе жатқан сыйластық қарым-қатынас бар. Бұған таңғалатын түгі жоқ. Назарбаев Түркия, Қытай, БАӘ, Өзбекстан, Беларусь басшыларымен де дәл осылай достық рәуіште жиі хабарласып, жеке жүздесіп тұрады. Мұндай бейресми кездесу мен достық сипаттағы әңгімелер халықаралық деңгейдегі үйреншікті жағдай”, – дейді прессек.
Үкібай Назарбаевтың шетелге біржола көшіп кеткені туралы ақпаратты да жоққа шығарып жатыр.
“Нұрсұлтан Әбішұлы Қазақстанда тұрады, ешқайда қоныс аударған жоқ. Алып қашпа әңгімеге сеніп қалмаңыздар”, – дейді Үкібай.