UniMentor AI: Ауыл баласын Оксфордқа жетелейтін жоба

Астаналық әкелі-балалы ІТ мамандар ауыл баласына әлемдік білімге жол ашты. Бұлай деуімізге де негіз жоқ емес. Себебі Астанада оқушы мен оның әкесі бірігіп, жасанды интеллект негізінде жұмыс істейтін білім беру платформасын жасап шыққан. UniMentor AI деп аталатын бұл бастама – ауылдағы қарапайым оқушының Гарвард, Оксфорд сынды беделді университеттерге түсуіне көмектесетін заманауи құрал. Алғашқы бес мың қолданушысы бар стартап жыл соңына қарай кең көлемде іске қосылмақ.
Отбасылық жобадан – ұлттық идеяға
Бүгінде шетелге оқуға түсу туралы кеңес беретін мамандардың қызметі қыруар қаржыға түсетіні белгілі. Мұндай көмекті екінің бірі ала алмайтыны жасырын емес. Осы мәселені басынан өткерген Ержан Құдайбергенов пен оның ұлы Жәңгірхан Бауыржан осы саланың қолжетімділігін арттыруды мақсат етіп, бірегей шешімге келді: барша балаға қолжетімді ақылды кеңесші жасау.
«Біз ұлым екеуміз оған лайық университет іздегенде, кеңесшілердің қызметі мыңдаған доллар тұратынын көрдік. Бұл қала балалары үшін де, ауылдағы балалар үшін тіпті қиялдағы дүние екенін түсіндік. Сондықтан бәріне бірдей мүмкіндік беретін ақылды көмекші жасап шығуға бекіндік», – дейді жобаның авторы Ержан Құдайбергенов.
Жасанды интеллект көмектеседі
UniMentor AI – оқушының білімі, тілі, қызығушылығы мен қаржылық мүмкіндігін ескере отырып, оған лайық шетелдік оқу орындарын ұсынатын платформа. Жүйе мотивациялық хаттарды талдап, эсседегі мазмұн мен логикалық құрылымға қатысты нақты ұсыныстар береді. Сондай-ақ, сұхбат сұрақтарын модельдейтін арнайы бөлім бар – яғни, AI оқушыны шынайы қабылдау комиссиясымен сөйлескендей сынап, жауаптарға кері байланыс береді.
Жоба негізінен оқушылардың деректеріне сүйенген. Оны Жәңгірхан өзі үйренген Data Science дағдылары арқылы жасап шыққан. GeekBrains платформасынан онлайн оқып шыққан жасөспірім тек техникалық модельдермен шектелмей, шынайы қолдануға ыңғайлы жүйе құра білді.
Пайдаланушылар арасында – ауыл жастары да бар
Бүгінде UniMentor AI-ды алғашқы 5000 оқушы сынақтан өткізіп жатыр. Олардың қатарында Назарбаев зияткерлік мектептерімен қатар, ауыл мектептерінің оқушылары да бар. Яғни бұл жоба қала мен ауыл арасындағы білім теңсіздігін жоюға бағытталған.
Айына небәрі $9,99–19,99 төлем арқылы оқушылар өзіне шетелдік қабылдау кеңесшісін жалдағандай көмек ала алады. Ал әлем бойынша мұндай қызметтерге жылына $2 000–8 000 жұмсалатынын ескерсек, UniMentor AI – қаржылық жағынан да тиімді әрі теңдесі жоқ балама.
Жоба ресми түрде АҚШ-тың Кентукки штатында тіркелген. Бұл – халықаралық құқықтық кеңістікте қауіпсіз жұмыс істеудің заманауи тәсілі. Алайда негізгі ғылыми-зерттеу тобы мен техникалық іске асырушы команда Астанада жұмыс істеп жатыр. Күзде жобаның iOS және Android қосымшалары шықпақ. Сонымен қатар, 5000-нан астам грант пен шәкіртақыны іздеуге арналған Scholarship Finder модулі де дайындалуда.
Жобаның мақсаты – жыл соңына дейін 15 мың белсенді қолданушыға жету.
UniMentor AI – бұл тек отбасылық бастама емес. Бұл – ауыл баласына әлемдік білімге жол ашатын нақты тетік. Бүгінгі таңда «ақылды кеңесшіні» ауылдағы мектептерге жеткізу – білім теңдігін қамтамасыз етудің заманауи жолы. Осындай бастамалар арқылы Қазақстан технологиялық даму мен адами капиталды инвестициялаудың жарқын үлгісін көрсетіп отыр.