Болгария Қазақстанның Еуропадағы ірі әрі өте маңызды серіктесі – Президент

Болгария мен Қазақстан арасында іскерлік кеңесі құрылады. Бұл туралы Ақордада елімізге ресми сапармен келген Болгария Президенті Румен Радевпен кеңейтілген құрамдағы келіссөз барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.

– Қазақстан Болгариямен өзара тиімді серіктестікті ілгерілетуге бейілді екенін растағымыз келеді. Сіздің еліңізді Қазақстанның Еуропадағы ірі әрі өте маңызды серіктесі ретінде қарастырамыз. Өз тарапымыздан қазір ғана талқыға салынған бірқатар саладағы қарым-қатынасымызды тереңдету, нығайту үшін барлық мүмкіндікті ұстанамыз. Біз үлкен маңызға ие әрі ерекше назарды талап ететін белгілі бір салаларды талқыға салдық. Болашақта ынтымақтастығымызды ілгерілетуде үлкен нәтижелерге қол жеткізетіндігімізге сенімдімін, – деді Президент.

Мемлекет басшысы екі ел де ауыл шаруашылығы, туризм, денсаулық сақтау, цифрландыру сынды салаларды қоса алғанда сауда-саттық қарым-қатынасын нығайтуға мүдделі екенін баса айтты.

– Қазақстан экономикалық қатынастарды одан ары нығайтуға, энергетика, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау және туризм салаларында инвестициялық жобаларды іске асыруға ұмтылады. Сауда-экономикалық қатынас жөніндегі үкіметаралық комиссия бұл жұмыстың алдыңғы қатарында боларына сенімдімін. Сондай-ақ Болгария мен Қазақстан арасында іскерлік кеңес құруға ниеттіміз және таяу болашақта ол іскерлік қарым-қатынасымызы нығайтудағы келесі қадам болмақ. Бүгінгі бизнес форум мен сауда палаталарымыз арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қою ынтымақтастығымызға үлес қосарына сенімдіміз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Қазақстан мен Болгария БҰҰ және өзге де халықаралық ұйымдар аясында жемісті ынтымақтастықты жолға қойғанын, әлемдік аренада ортақ мақсаттары бар екенін атап өтті.