ОА мен Қытай қатынасы жан-жақты стратегиялық серіктестік деңгейіне шықты – Президент

Орталық Азия мен Қытай арасындағы қатынас жан-жақты стратегиялық серіктестік деңгейіне шықты. Бұл туралы «Орталық Азия – Қытай» ІІ саммитінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.

– Осы жерде отырған Орталық Азия мемлекеттерінің өзара сенімі мен бірлескен күш-жігерінің арқасында шынайы тату көршілік, достық пен өзара қолдау рухындағы ынтымақтастықтың теңдессіз моделі қалыптасты. Осыған байланысты ұлы мемлекет қайраткері, төраға Си Цзиньпин басшылық жасайтын Қытайдың белсенді әрі пайдалы рөлін атап өту әділетті болар еді. Қазақстан көршілес Қытай атынан мәңгі әрі сенімді стратегиялық серіктес пен нағыз дос тапты, – деді Мемлекет басшысы.

Президент 80 млн тұрғыны бар ауқымды нарыққа және мол табиғи ресурстарға бай Орталық Азия өңірі халықаралық қарым-қатынас пен сауда-экономикалық, инвестициялық және гуманитарлық ынтымақтастықтың маңызды субъектісі ретінде ұстанымын кезең-кезеңімен нығайтып келе жатқанын айтты.

– Орталық Азия мен Қытай арасындағы қарым-қатынас мәңгілік, ауа райын талғамайтын, жан-жақты қамтылған стратегиялық серіктестік деңгейіне шыққанын зор ризашылықпен атап өткім келеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.