Президент Ауғанстанға қатысты ұсыныс айтты

Ауғанстанды сауда-экономикалық қатынастарға тарту осы елді қалпына келтіруді жылдамдатады. Бұл туралы елордадағы Тәуелсіздік сарайында «Орталық Азия – Қытай» ІІ саммитінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәлім етті.

– Біздің өзара іс-қимылымыздың тағы бір аспектісі – ол Ауғанстан. Біздің ойымызша, бұл елді сауда-экономикалық қатынастарға тарту оны қалпына келтіруге және халықаралық оқшауланудан шығаруға ықпал етеді. Дәл осы бағытта біз Ауғанстан үкіметімен жұмыс істеп жатырмыз. Қытай мен Орталық Азия елдеріне Алматы қаласында Орталық Азия және Ауғанстан үшін БҰҰ-ның Өңірлік орталығын құруға қолдау көрсеткені үшін алғысымды білдіремін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің айтуынша, өңірдің болашағы осы аумақтағы елдердің өзара мүдделерді ескере отырып, бірлесіп әрекет ете алуына байланысты. Осы орайда «Орталық Азия-Қытай» форматы жасампаз стратегиялық серіктестіктің айқын үлгісіне айналатынына сенім артты.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Астанада «Орталық Азия – Қытай» ІІ саммиті жұмысын бастады.