Қорғаныс министрінің орынбасары тағайындалды

Қайрат Садықов Қорғаныс министрінің орынбасары – Қарулы Күштері Әуе қорғанысы күштерінің бас қолбасшысы лауазымына тағайындалды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
— Мемлекет басшысының өкімімен Қайрат Әнуарбекұлы Садықов Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің орынбасары — Қарулы Күштері Әуе қорғанысы күштерінің бас қолбасшысы лауазымына тағайындалды, — делінген хабарламада.
Қайрат Садықов Шығыс Қазақстан облысында туған. Орынбор Жоғары зенитті-зымыран командалық училищесін, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті — Елбасы атындағы Ұлттық қорғаныс университеті жанындағы академиялық курстарды, Д.Қонаев атындағы университетті «заңгер» мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолы: Әуе қорғанысы күштері бас қолбасшысының тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Әуе қорғанысы күштері тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі бас басқармасының басшысы болды.
II дәрежелі «Айбын», «Жауынгерлік ерлігі үшін» ордендерімен және мерейтойлық медальдармен марапатталған.