ҚТЖ басшысы қызметін уақытша Даниал Ахметовтың күйеу баласы атқаруда

«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасының қызметі әлі де бос тұр. Ал бұл лауазымға уақытша атқарушы ретінде Ерлан Қойшыбаев тағайындалды, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы ҚазТАГ агенттігіне сілтеп.

«ҚТЖ басшысы қызметі әлі де бос. Ресми тағайындау болған жоқ, Қойшыбаев ішкі рәсімдерге сәйкес уақытша міндетін атқарушы болып тағайындалды. Бұл басқарма төрағасы еңбек демалысына шыққан жағдаймен бірдей – оның орнын уақытша Қойшыбаев басар еді», – деді дереккөз.

Бұған дейін 2021 жылдың сәуірінен бері ҚТЖ-ны басқарған Нұрлан Сауранбаев көлік министрі болып тағайындалған болатын. Ол бұл қызметке осыған дейін аталған министрлікті басқарған Марат Қарабаевтың орнына келді. Қарабаев президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың шешімімен жұмыстан босатылды, оған министрлік қызметіндегі кемшіліктері үшін сөгіс жарияланған еді.

ҚТЖ басшысының уақытша міндетін атқарушы Ерлан Қойшыбаев – Аделия Ахметованың жұбайы.

Ал Аделия – 2014 жылдан 2023 жылға дейін Шығыс Қазақстан облысын басқарған Даниал Ахметовтің қызы. Ахметов «Ескі Қазақстанның» ең ықпалды өкілдерінің бірі саналып, өңірді басқарған тұста түрлі сыбайлас жемқорлық жанжалдары мен жеке мүдделерді қолдау әрекеттері үшін қатты сынға ұшыраған. Сыни пікірлерде мемлекеттік сатып алулардың жабық өткізіліп, бірдей компаниялардың қайта-қайта жеңіп отырғаны, сондай-ақ жобалардың бюджеттері бекітілгеннен кейін бірнеше есе өсіп кеткені жиі айтылған. Сондай-ақ Ахметовке заңсыздықтар мен әділетсіздіктерге жол бергені, айналасындағы жемқорлық әрекеттерге көз жұмғаны жөнінде де айыптаулар болған. Оның отбасымен байланысты үлкен қаржылық шығындарға және Тұрғысын ГЭС құрылысына қатысты даулы жағдайларға байланысты жанжалдар орын алған. ШҚО тұрғындары бірнеше мәрте оның отставкасын талап етсе, кәсіпкерлер мен қоғам белсенділері оның саясатына ашық түрде қарсы шыққан.