Вице-премьер Алакөл жағалауының жерді пайдалану картасымен танысты

Мемлекет басшысының ішкі туризмнің сапасы мен қауіпсіздігін арттыру жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыру аясында ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ермек Көшербаев елдің негізгі туристік бағыттарын қамтитын өңірлерде жұмыс сапарын жалғастырып жатыр.
Абай облысына жасаған жұмыс сапары барысында Ермек Көшербаев Алакөл көлінің жағалауындағы туристік инфрақұрылымның жай-күйімен танысты. Айта кету керек, көл жағалауы бірнеше туристік аймақтан тұрады: Абай және Жетісу облыстарындағы жағажайлар – әрқайсысы өз ерекшелігі, инфрақұрылымдық жүктемесі және даму бағыты бар жеке локациялар.
Абай облысындағы көл жағалауында Премьер-министрдің орынбасары демалушылармен, кәсіпкерлермен және медицина қызметкерлерімен кездесіп, абаттандыру нысандары мен медициналық пунктті қарап шықты. Санитарлық жағдай, рұқсатсыз сауда, абаттандыру мен қауіпсіздік мәселелеріне ерекше назар аударылды. Азаматтар мен туристердің өтініштері бойынша бірқатар тапсырма берілді:
• тамақ өнімдерінің рұқсатсыз саудасына қатысты санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің тексерісін ұйымдастыру;
• жағалаудың тазалығына бақылауды күшейту және қоқысты жүйелі түрде шығару;
• демалушылар көп жиналатын жерлерге қосымша қоқыс жәшіктері мен контейнерлер орнату;
• туристік аймақты тұрақты байланыспен қамтамасыз ету мәселесін қарастыру.
Фото: ҚР Үкіметі
Сонымен қатар Премьер-министрдің орынбасары жағалау бойындағы жер пайдалану картасымен танысып, қолданыстағы бас жоспарға талдау жүргізуді тапсырды. Кәсіпкерлердің су айдынына кіруге шектеу қойылуы жеке мәселе ретінде қаралды. Жергілікті атқарушы органдарға бұзушылықтарды тез арада анықтап, азаматтардың суға еркін өтуін қамтамасыз ету тапсырылды.
Абаттандыру және инфрақұрылымды жаңғырту
Биыл Алакөл көлінің жағалауында ауқымды реконструкциялау және абаттандыру жұмыстары басталды. Облыстық бюджеттен 658 млн теңге бөлінді, оның ішінде:
108,9 млн теңге – Арбат алаңын жөндеуге,
171,6 млн теңге жаңа қоғамдық кеңістік құруға
107,5 млн теңге жағалауды абаттандыруға.
Жағажайда 25 киім ауыстыру кабинасы, 50 қоқыс контейнері, 2 биодәретхана, 10 санитарлық торап (маусым соңына дейін 18-ге дейін жеткізіледі) орнатылды. 7 пирстің 3-еуі салынды, жарықтандыру жүргізіліп, құтқару мұнаралары орналастырылды. Қосымша 300 млн теңге бөлінді:
•141,6 млн теңге – Кабанбай ауылында өрт сөндіру депосының құрылысына;
•57,7 млн теңге – көл жағалауында құтқару станциясы құрылысына;
•100 млн теңге – туристік аумақты дамытудың бас жоспарын әзірлеуге.
Фото: ҚР Үкіметі
Ел бойынша жүйелі тәсіл
Ермек Көшербаев туристік аймақтарды жақсарту жұмысы елдің барлық өңірлерін қамтитын мемлекеттік стратегия аясында жүзеге асырылуы қажеттігін атап өтті:
– Басты міндет – уақытша шешімдер қабылдамай, таза жағажайлар, қауіпсіз демалыс, тұрақты байланыс және ойластырылған инфрақұрылымды қамтитын орнықты жүйе қалыптастыру. Туризм – азаматтар үшін жайлы, ал өңірлер үшін өркениетті экономикалық әсер әкелуі тиіс, – деді ол.
Фото: ҚР Үкіметі
Барлық өңірде анықталған мәселе ортақ: қоқыс жәшіктерінің жетіспеуі, бейберекет сауда, байланыстың нашарлығы, заңсыз құрылыстар. Осыған байланысты өңірлерге жасаған сапар қорытындысы бойынша туристік аймақтарды жоспарлаудың стандарттарын өзгерту және әкімдіктер мен қадағалау органдарымен өзара іс-қимылды күшейту сынды жүйелі шаралар қабылданады. Бақылау Үкімет деңгейінде жүзеге асырылады.