Мәзір
Жаңалықтар

«Бітімгершілік миссия – көпвекторлы саясаттың бір бөлігі»

«Бітімгершілік миссия – көпвекторлы саясаттың бір бөлігі»

Халықаралық сарапшы Жанат Момынқұловтың айтуынша, Қазақстанның БҰҰ аясында бітімгершілік миссияларға қатысуы – еліміздің жүргізіп отырған көпвекторлы сыртқы саясатының маңызды құрамдас бөлігі. Оның пікірінше, бітімгер әскерилер еліміздің дипломатиялық беделін арттыруға зор үлес қосып келеді.

– Мысалы, Қазақстан БҰҰ мандаты аясында қақтығыс аймақтарына барып, бейбітшілікті қалпына келтіру ісіне атсалысады. Бұл миссияға біздің әскери қызметкерлермен қатар полиция өкілдері және азаматтық сарапшылар да қатысады. Бітімгерлердің басты міндеті – бітімгершілік келісімдерді бақылау және бейбіт тұрғындарды зорлық-зомбылықтан қорғау, – деді Жанат Момынқұлов.

Сарапшының айтуынша, бітімгершілік миссиялар Қазақстанға бірнеше пайда әкеледі. Біріншіден, еліміздің халықаралық аренадағы беделі мен ықпалы артады. Әртүрлі операцияларға қатысу – Қазақстанның бейбітшілікті қолдайтын мемлекет екенін айқын көрсетеді. Екіншіден, қазақстандық әскери қызметкерлер өзге елдердің әскерилерімен бірге жұмыс істей отырып, тәжірибе жинайды. Қақтығыс аймақтарында жағдайды бақылау мен қауіпсіздікті қамтамасыз ету ісінде алған бұл тәжірибе болашақта Орталық Азияда, әсіресе Ауғанстан сияқты тұрақсыз аймақтармен шекаралас болғанда, үлкен маңызға ие болады.

– Сонымен қатар, бітімгершілік миссияны мен еліміздің көпвекторлы сыртқы саясатының бір бөлігі ретінде қарастырамын. Бұл – Қазақстанның бейтарап, сындарлы, халықаралық қауымдастыққа интеграцияланған, БҰҰ талаптарын орындайтын мемлекет екенін дәлелдейді. Гуманитарлық және экономикалық тұрғыдан да тиімді. Мысалы, Астанада әртүрлі мемлекеттер арасында келіссөздер өтті, Иран мен Сирия, Әзербайжан мен Армения арасындағы байланыстарды нығайтуға күш салынды. БҰҰ мандатымен қиын аймақтарда қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету – біздің ел үшін пайдалы, – деп түйіндеді ол.