Бектенов тау-кен алпауыттарының айналасында орта бизнес белдеуін ұйымдастыруды тапсырды

Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында тау-кен саласындағы ірі кәсіпорындардың айналасында жағын және орта бизнес белдеуін ұйымдастыруды тапсырды, деп хабарлайды кazinform.

— Өнеркәсіп министрлігі осы жылдың 1 қазанына дейін ірі тау-кен кәсіпорындарымен бірлесіп, жоғары деңгейде өңделген өнімдер шығару бойынша шаралар кешенін әзірлесін.

Жүйетүзуші кәсіпорындар айналасында шағын және орта бизнес белдеуін құруды ынталандыратын іс-шараларды ескеру қажет.

Өнеркәсіп министрлігі «Самұрық-Қазына» қорымен бірлесіп, аса маңызды және сирек металдар негізінде технологиялық тұрғыдан инновациялық өнім өндірісін дамытуға тиіс. Жобалар қосылған құны жоғары өнімдер жасауға бағытталуы қажет, — деді ол.

Үкімет басшысы ел аумағында тұйық циклды экономика құру үшін металдар мен өндіріс қалдықтарын қайта өңдеу шараларын әзірлеуді тапсырды.

— Ғылым және жоғары білім министрлігі Өнеркәсіп министрлігімен бірлесіп, бір ай мерзімде сала мамандарын даярлау бағдарламасын дайындауға тиіс.

Сондай-ақ ғылымды өндіріске қажетті жаңа технологияларды әзірлеп, енгізуге белсенді түрде тарту керек. Бақылау мен үйлестіру Роман Васильевич Склярда, — деді Олжас Бектенов.