Өскеменде полиция қызметкерлері зейнеткер әйелге балкон арқылы кіріп көмектесті (ВИДЕО)

Өскемен қаласында патрульдік полиция қызметкерлері жедел әрі батыл әрекеттерінің арқасында қиын жағдайға тап болған зейнеткер әйелге дер кезінде көмек көрсетті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Оқиға 22 шілде күні болған. Қызмет барысында патрульде жүрген полиция қызметкерлері Олжас Сабыров пен Даулет Асқарбеков көпқабатты үйдің маңында жиналған адамдар тобын байқап, мән-жайды анықтауға кіріскен.

Куәгерлердің айтуынша үшінші қабатта тұратын зейнеткер әйел үйінде құлап, өздігінен тұра алмай қалған. Пәтердің есігі ішінен бекітілгендіктен, туыстары мен көршілері оған көмек көрсете алмай, алаңдаулы күйде тұрған.

Қауіпті жағдайда уақыт оздырмауды шешкен полиция қызметкері Даулет Асқарбеков екінші қабаттың балконы арқылы жоғары көтеріліп, пәтерге кірген. Ол жерде қарт әйелге алғашқы көмек көрсетіліп, қажетті шаралар қабылданды.

Полицейлердің уақтылы әрі үйлесімді іс-әрекеттерінің арқасында әйелдің өміріне төнген қауіп сейілді. Оқиға куәгерлері түсірген бейнежазбалар әлеуметтік желілерде кеңінен тарап, қоғам тарапынан жылы пікірлер мен алғысқа ие болды.

Полиция қиын сәтте бейжай қалмай, азаматтық жауапкершілік танытқан тұрғындарға ризашылығын білдіреді және полиция қызметкерлерінің күнделікті жұмысы тек қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету ғана емес, адам өмірін қорғауға бағытталғанын атап өтеді.