Маңғыстаулық жастарға 2000 нысаналы грант бөлінді

Биыл Маңғыстау облысының жастарына 2000 нысаналы білім беру гранты бөлінді. Осыған орай Ш.Есенов атындағы университетте академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университеті, Қарағанды индустриялық университеті және Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің өкілдері келіп, талапкерлер мен ата-аналарға түсіндіру жұмыстарын жүргізуде, деп хабарлайды Қоғамдық коммуникация орталығы.
-Аталған үш жоғары оқу орнында 300-ден астам мамандық бойынша кадр даярланады. Онда 900-ге жуық ғылым докторлары, ғылым кандидаттары мен PhD докторлар қызмет атқарады. Осындай ғылыми-академиялық әлеуетті Маңғыстау жастарына ұсынып отырмыз. Түсіндіру жұмыстарына 20-ға жуық университет өкілі тартылып, нысаналы гранттардың артықшылықтары мен мүмкіндіктерін түсіндіруде. Жастардың қызығушылығының жоғарлығы бізді қуантып отыр, деді академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университетінің ректоры Нұрлан Дулатбеков.
Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің ректоры Сәуле Сағынтаева нысаналы гранттар жайлы ақпарат беріп өтті.
-Нысаналы гранттар – өңірлік қажеттілікке қарай бөлінетін, жастарға үлкен мүмкіндік беретін арнайы мемлекеттік қолдау тетігі. Бұл гранттар арқылы біз өңірлердегі кадр тапшылығын азайтуды көздейміз. Маңғыстау облысына бөлініп отырған 2000 грант – осы бастаманың айқын дәлелі. Біздің университет техникалық мамандықтарға басымдық беріп, өңірге қажетті инженерлік, IT, құрылыс, энергетика сынды бағыттарда сапалы маман даярлауға дайын, – деді Сәуле Сағынтаева.
Түсіндіру жұмыстары Ш.Есенов атындағы университетте өтуде. Ата-аналар мен талапкерлер аталған алаңнан барлық қажетті ақпаратты ала алады.