«Азаматтар конституциялық сотқа жүгініп, өзінің құқығын қорғайды»

Заңгер Әлімжан Жұбатханов азаматтардың сот қорғауындағы құқықтар мен бостандығының сақталуы аса маңызды екенін айтады. Сондай-ақ ол бұл бағытта еліміздің құқық қорғау саласында біршама іс атқарылғанын тілге тиек етті.

«Елімізде 2023 жылдан бастап конституциялық сот ашылды. Аталған соттың мақсаты азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейту болып отыр. Қазіргі таңда конституциялық сот ашылды және оның тиімділігі бар. Кез келген адам конституциялық сотқа жүгініп, өзінің құқығын қорғай алады. Аталған сот заңға қайшы дүние болатын болса, анық-қанығын біліп, «Неке туралы заңда мынадай қарама-қайшылық бар екен. Оны өзгерту керек. Себебі аталған заң адамдардың құқықтары мен бостандықтарын шектейді» деп Үкіметке хат жазады. Бұл іске Бас прокуратура, Әділет министрлігі секілді өкілетті министрлікті шақырып, конституциялық сот оны қарап, өз бағасын береді. Дұрыс болса дұрыс, бұрыс болса бұрыс деп өзінің қорытынды сөзін жазады.

Сонымен қатар елімізде 2020 жылы әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі қабылданып, ол 2021 жылдың 1 шілдесінен бастап жұмыс істей бастады. Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің мақсаты азаматтар мен әр түрлі ұйымдардың мемлекеттік орган немесе лауазымды тұлғалармен қарым-қатынас бойынша құқықтарын қорғау болып саналады. Бір сөзбен айтқанда мемлекет пен азаматтардың арасындағы дауларды әділ шешуге мән береді. Мысалы бұрын әкімшілік соттар жоқ кезде азаматтар арыз-шағымын президент әкімшілігінен бастап, үкімет пен жершілікті әкімшілікке жазатын еді. Бірақ атқарушы органдар бәрі бір ештеңе шешпейді. Себебі оларда азаматтардың арыз-шағымын шешетін құзырет жоқ. Себебі олар «Бұл біздің құзыретімізге кірмейді. Істі сотқа беріңіз» деп жауап береді. Айналып келгенде азаматтық сотқа шамдан тыс жұмыс жүктеліп жатқан еді», – дейді ол.