«Лудомандардың шамамен 70 пайызы емделуі мүмкін»

Былтыр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ойын бизнесі, лотерея қызметі, денсаулық сақтау, мемлекеттік еңбек инспекциясы, мемлекеттік бақылау және артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. Психолог-психотерапевт Серікгүл Сали президент қол қойған заң құмар ойынға шалдыққан адамдарға пайдасы зор екенін ескертті.

Серікгүл Салидың айтуынша, құмар ойынға салынған адамға ауру ретінде қарау керек. Сондықтан да ол адам өз күшімен құмар ойыннан арылып, жеңуі өте қиын екенін тілге тиек етті.

«Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының шешімімен лудоманияға ауру деген код берілген. Сол себепті лудоманиядан емделудің арнайы бекітілген протоколы бар. Бірінші кезекте құмар ойынға шалдыққан адамның қай деңгейде ауру екеніне көз жеткізу керек. Ол жанның, тәннің, психика немесе сезімнің ауруы деп бірнеше тармаққа бөлінеді.

Мәселен сезімнің аруы болса, психикасы сап-сау болуы мүмкін. Сезім жағынан ол азамат құмар ойынға тәуелді болып қалады. Құмар ойынға салынған адам үлкен сезімдерді сезінбесе жүре алмайтын болады. Ол сезімді ақшаны ұтса да, ұтылса да сезінетін болады. Сол себепті олар ақша ұту немесе бос уақытын өткізу үшін емес, өзіне қажетті сезімді сезіну үшін ойын ойнайды.

Бір сөзбен айтқанда құмар ойынға салынған адамды ауру деп қабылдау керек. Олармен кәдімгі адам секілді сөйлесіп, уәдесін алып, оған сенудің ешқандай қажеті жоқ. Мысалы талма немесе сусамыр ауруына шалдыққан адам «Енді құламаймын» деп уәде бергенімен науқасы қысып құлап қалуы мүмкін. Сол секілді лудоманияға шалдықтан азаматқа ауру адам деп қарау керек. Сол себепті ондай адамға «Құмар ойынды қоямын» деп қоя алмай жүрсің» деп ұрысып, оны қорлаудың қажеті жоқ.

Араққа немесе есірткіге тәуелділіктен қарағанда лудоманияға шалдыққан ең қауіпті болып саналады. Мысалы арнайы орталықта емделген лудоманшамамен 70 пайызы емделуі мүмкін. Ал қалған 30 пайызын мен маман ретінде бақылай алмаймын. Себебі олар іс-түссіз хабарсыз кетеді. Мысалы менің алдымнан 6 мың құмар ойынға шалдыққан адам өтті. Соның 70 пайызының кейінгі өмірі туралы білемін», – дейді ол.