Б.Момышұлы ауылында көше жолдары жөнделіп жатыр

Ел өңірлерінде, әсіресе ауылдық жерлерде тұратын тұрғындарға қолайлы жағдайлар жасау үшін инженерлік-инфрақұрылымдық даму жұмыстарының қарқын алып отырғаны белгілі. Жалпы тұрғындардың өмір сүруіне жағдай жасау, тұрмыс жайлылығын арттыру мәселесі мемлекет үшін де маңызды әрі күн тәртібінде тұрған мәселе саналады. Бұл жөнінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында да жан-жақты айтылып, осыған жауапты өңірлердің атқарушы орган басшыларына тиісті тапсырмалар да жүктеліп отыр.

Бұл туралы кеңірек айтатын болсақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына арнаған 2024 жылғы Жолдауында: «Халықтың әл-ауқатын жақсартуға септігі тиетін басқа да көптеген шара қолға алынды. Сіздер бұл жұмыспен тікелей айналысып, халықпен әрдайым тығыз байланыста болдыңыздар. Мұның бәрі «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасын орнықтыруға ықпал ететіні сөзсіз» деп атап өтіп, ел тұрғындарына лайықты жағдай жасау, өңірлерде инженерлік-инфрақұрылым жүйелерін жақсарту ісін жаңғыртуды тапсырғаны бір жағынан заңды да. Себебі, халықтың, әсіресе, ауыл тұрғындарының жағдайы жақсармай, ұлттың да сапасы артпайтыны белгілі жай.

Тұрғындардың тұрмысын жеңілдету ісіне қолайлы жағдайлар жасау – мемлекет дамуының басты талаптарының бірі. Сондықтан Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2025 жылға дейін тұрмыстық игіліктері жоқ ауылдардың барлығы инженерлік-инфрақұрылыммен қамтамасыз етілуі тиіс. Бұл – міндетті меже. Басқа өңірлер сияқты Жуалы ауданында да тұрғындар санының жыл санап артып келе жатқанын ескерсек, елді мекендерді ауызсумен, жылумен, табиғи газбен, электрмен және қанағаттанарлық автомобиль жолдарымен жабдықтау мәселелеріне облыс, аудан басшылығының тарапынан көбірек көңіл бөлініп отыр.

Ауыл тұрмысын жақсарту, тұрғындардың өмір сүруіне қолайлы жағдайлар жасау, сол арқылы инженерлік-инфрақұрылым жүйелерін жаңғырту ісі Жуалы ауданының орталығы даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының есімін иеленген ауылда да сәтімен жүзеге асырылып келеді. Атап айтқанда, биыл жыл басынан ауданның орталығы Б.Момышұлы ауылында инфрақұрылым жүйелерін жаңғырту, көше жолдарын жөндеу, жаяу жүргіншілер жолы мен көше жиектеріне суағар темір-бетон лотоктар салу, т.б. жоспарланған жұмыстар кестеге сай атқарылу үстінде.

2024 жылы атқарылған жұмыстарға тоқталсақ, былтыр «Ауыл – Ел бесігі!» бағдарламасының аясында орталықтағы әл-Фараби, Көктем көшелері (мердігері «ЖамбылДорМостСтрой» ЖШС), онымен қоса, Наурыз, Ш.Уәлиханов, Ақжол көшелері (мердігері «МерейСтройИнвест» ЖШС) жөнделсе, А.Оразбаева көшесі орта жөндеуден өтті (мердігері «КонструкцияТемірБетон» ЖШС). Сонымен қатар, аталған бағдарламаның аясында Б.Момышұлы ауылындағы М.Мәметова және Ы.Алтынсарин көшелерінің қиылысына орта жөндеу (мердігері «Қаратау жолдары» ЖШС) жөнделсе, В.Латикант көшесі де орта жөндеуден өтіп отыр. Ал былтыр төртінші деңгейлі бюджет қаражатының есебінен Б.Момышұлы ауылындағы 31 көше мен бұрылыстарға көше жарығын орнату жұмыстары жүргізілгенін де айта кеткен жөн.

Ал 2025 жылы аудан орталығында атқарылатын жұмыстардың да ауқымы кең. Биыл «Ауыл – Ел бесігі!» бағдарламасының аясында Б.Момышұлы ауылындағы Жамбыл көшесіне бұрылыстарымен бірге орта жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып, қазір атқарылу үстінде. Ұзындығы екі шақырымға жуықтайтын орталық көшенің жоба құны – 195 161,4 мың теңге. Жұмысқа жауапты мердігер мекеме – «ПМК-109» ЖШС. Апта ішінде, көше жолының бір бөлігінің табаны тегістеліп, асфальт жабынын төсеу жұмыстары атқарылды. Сейсенбі күні басталған асфальт төсеу жұмысы ерекше қарқынмен жүргізілгенін айта кеткен жөн. Көше құрылысының басында асфальт төсеп және тегістеуге арналған екі бірдей арнайы ауыр техника, таптауға арналған әртүрлі салмақтағы катоктар, автогудронатор, оған қосымша жүк көліктері, т.б. қызу қарқынмен жұмыс атқару үстінде. Жұмысқа жауапты мердігер мекеменің өкілдері жөндеу жұмыстарының кестеге сәйкес жүргізіліп жатқанын айтады. Айта кету керек, құрылысқа негізінен отандық сапалы материалдар қолданылуда.

Көше жолындағы құрылыс қарқынына қарап, асфальт жабынын төсеу жұмыстарының апта ішінде аяқталатынына күмән келтіруге болмайды. Онымен қоса, Жамбыл көшесінде жаяу жүргіншілер жолы да қайта жөнделіп жатыр. Орталық алаң тұсындағы жаяу жүргіншілер жолының ескірген табаны сүріліп, орнына жаңадан брусчатка төселу үстінде. Жолдың жиегіне қойылған сәнді бордюрлер де ауылдың сәнін аша түсетіні анық.

Қазіргі уақытта аудан орталығында құрылыс жұмыстары аяқталған көшелердің қатарында аудан орталығындағы – Боранды, Желтоқсан, Әйтеке би, З.Елшібаев және Жанқожа батыр көшелері бар. Одан бөлек, биыл жоспарға сәйкес, «Ауыл – Ел бесігі!» бағдарламасымен – Б.Сафинов, Б.Үсенов, Ш.Уәлиханов көшелерінің бұрылысы және Ұлан көшесінің орта жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Б.Момышұлы ауылында газдандыру және ауызсу жүйелері толықтай орталықтандырылғанын да айтқан жөн.

Аудан орталығында көше жолдарын жөндеу жұмыстарының қарқын алып оған қомақты қаражат бөлініп отырғанын ескерсек, бұл ретте ауыл әкімшілігінің тарапынан құрылысқа тұрақты бақылау жасау артық етпейді. Б.Момышұлы ауылының әкімі Рәтбек Көсембаев құрылыстың барысын өзі бақылауға алғанын айтып, жөндеу жұмыстарының кестеге сай атқарылып жатқанын жеткізді.

Нұржан Манасұлы,

 «Жаңа өмір»