Қазақстан көмірі Еуропаға Ресей порттары арқылы қайта экспортталады
Қазақстан Ресей арқылы Еуропаға қайта көмір тасымалдау туралы келісімге қол жеткізді. Бұл туралы Сауда және интеграция министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
— 2025 жылдың ақпанында Еуропалық одақ санкциалардың 16-пакеті аясында Ресей порттарымен кез келген келісімге тыйым салған еді. Бұл шара Қазақстан көмірін Еуропа елдеріне тұрақты экспорттауға айтарлықтай қауіп болды. Себебі Ресейдің Усть-Луга порты әуелден Қазақстан көмірін Еуропаға жеткізетін негізгі транзит нүктесі ретінде пайдаланылады.
Қалыптасқан жағдайды реттеу мақсатында Сауда және интеграция министрлігі Сыртқы істер министрлігімен және Қазақстан Республикасының Еуропалық одақ жанындағы тұрақты өкілдігімен бірлесіп, еуропалық тараппен түрлі деңгейдегі консультациялар жүргізді. Еуропалық комиссияның атына ЕО санкциялық режиміне тиісті өзгерістер енгізу туралы ресми өтініш жіберілді, — делінген министрлік хабарламасында.
Келіссөздер нәтижелі болды. ЕО-ның 18-пакет санкциялары аясында Еуропалық тарап қазақстандық көмір транзиті үшін белгілі бір Ресейлік порттарымен келісімге шектеуді алып тастады.
Бұл шара келесі шарттарды сақтағанкезде қолданылады:
— көмірдің шығу тегі тек Қазақстан Республикасы болуы керек;
— жүкке меншік құқығы санкциялық шектеу шаралары қолданылатын елдердің резиденттерінде болмауы керек;
— порттарды тек транзит, тиеу немесе жөнелту аумағы ретінде пайдалануға болады, яғни оның аумағында тауарды сатып алу немесе өндіруге болмайды.
Анықтама: 2022 жылы қазақстандық көмірдің ЕО-ға экспортының көлемі 4.4 млн тонна, құны $419.2 млн болды (үлесі — жалпы көмір экспортының 45%).
2023 жылы — $382 млн-ға 6.1 млн тонна (54,3%).
2024 жылы — $312,5 млн-ға 5,2 млн тонна (51 8%).
2025 жылғы қаңтар-мамыр айларында экспорт $82,9 млн-ға 1,6 млн тоннаны, немесе жалпы көмір экспортының 38,5% құрады.
Көрсеткіштердің уақытша төмендеуіне қарамастан, қабылданған шаралар Қазақстан көмірін ЕО-ға жеткізуді қалпына келтіруге, сондай-ақ логистикалық маршруттардың тұрақтылығын нығайтуға септігін тигізеді.
Сауда және интеграция министрлігі еліміздің сауда мүдделерін қорғау және ұлттық экспортты қолдау жөніндегі, сондай-ақ негізгі әріптестермен экономикалық байланыстарды одан әрі дамыту бойынша жұмыстарды жалғастырады.