Астанада таеквондодан халықаралық рейтингтік турнир өтеді

World Taekwondo халықаралық федерациясының ресми күнтізбесіне енген бұл турнир үш жас санатын қамтиды: кадеттер, жастар және ересектер. Беделді додаға 750-ден астам спортшы қатысатынын растады.
Аталған жарысқа Ауғанстан, Армения, Канада, Франция, Үндістан, Иран, Қазақстан, Кувейт, Қырғызстан, Оман, Люксембург, Марокко, Непал, Пәкістан, Палестина, Қытай, Сауд Арабиясы, Түркия, Тунис, Біріккен Араб Әмірліктері, АҚШ және бейтарап мәртебедегі (AIN) спортшылар делегациялары қатысады.
Бұған дейін елімізде G-1 деңгейіндегі халықаралық турнирлер 2015 жылы (Алматы) және 2017 жылы (Атырау) өткен болатын.
Жарыстар жаңартылған халықаралық ережелерге сәйкес, KPNP K-2 электронды жүйесінің жаңа нұсқасы арқылы өткізіледі. Қазақстанда алғаш рет осы дода аясында KPNP компаниясы арнайы ұсынған жаңа электронды қолғаптар қолданылады. Бұл – соққыларды дәл әрі объективті тіркеуді қамтамасыз ету үшін жасалған.
Сондай-ақ, Қазақстанда алғаш рет осы турнир аясында Дүниежүзілік таеквондо федерациясының көрсетілім командасы өнер көрсетеді.
Kazakhstan Open 2025 турнирін өткізу – елімізде таеквондо спортын дамытудағы маңызды қадам ғана емес, сонымен қатар Қазақстанның халықаралық аренадағы сенімді спорттық серіктес ретіндегі орнын айқындайтын ауқымды іс-шара. Бұл дода Қазақстанның 2026 жылы өтетін Гран-при финалына дайындығын көрсетеді. Сонымен бірге, Қазақстан 2027 жылғы әлем чемпионатын өткізуге ниетті және келесі жылы ресми өтінім беруді жоспарлап отыр.