Қорғаныс министрлігінің әскери колледждеріне құжат қабылдау басталды
ҚР Қорғаныс министрлігінің қарамағына кіретін техникалық және кәсіптік білім беру бағдарламалары іске асырылатын бес колледжге құжат қабылдау жүріп жатыр. Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметі мәлім етті.
Бұлар — Астана қаласындағы Кеңес Одағының Батыры, Халық қаһарманы, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы әскери колледж, Шымкент қаласындағы Сабыр Рахымов атындағы әскери колледж, Ақмола облысының Щучинск қаласындағы Шоқан Уәлиханов атындағы әскери колледж, Қарағанды қаласындағы Талғат Бигелдинов атындағы әскери колледж және Алматы қаласындағы Бауыржан Момышұлы атындағы әскери-спорт колледжі.
Фото: Қорғаныс министрлігі
Онда 9 сынып базасында оқу мерзімі 2 жыл 10 ай. Денсаулық жағдайы бойынша жарамды үміткерлер колледжге 1-5 тамыз аралығында құжаттарды тапсыру үшін келеді. Қабылдау 5-20 тамыз аралығында жүзеге асырылады.
Осы кезеңде өтініш берушілер кәсіби-психологиялық іріктеуден, түпкілікті медициналық куәландырудан, нормативтер бойынша дене дайындығын тексеруден өтеді. Соңғы кезең конкурстық іріктеу мен қабылдауды қамтиды.
Фото: Қорғаныс министрлігі
Аттестаттың орташа балы кемінде 3 болатын білімі туралы құжаты бар, емханада медициналық тексеруден өткен оқуға түсушілер оқу орнына 30 шілдеге дейін келеді.
Шоқан Уәлиханов атындағы әскери колледжі 11 сынып базасында кәсіби сержанттар дайындайды. Бұл жағдайда оқу бір жыл 10 айға созылады.
Конкурстан тыс қабылдау құқығын әскери қызмет міндеттерін атқару кезінде қаза тапқан немесе мүгедектік алған, қызмет өткеру кезінде хабар-ошарсыз кеткен әскери қызметшілердің балалары, «Алтын белгі» белгісімен марапатталған кандидаттар, соңғы үш жылдағы халықаралық олимпиадаларға, конкурстарға қатысушылар және спорттық жарыстардың жеңімпаздары пайдаланады.
Фото: Қорғаныс министрлігі
— Әскери колледжге қабылдау конкурсын өткізу кезінде көрсеткіштер бірдей болған жағдайда жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың, әскери даярлық жөніндегі қосымша бағдарламалары бар білім беру ұйымдарының түлектеріне басымдық беріледі. «Дене шынықтыру және әскери істегі спорт» мамандығы бойынша әскери-спорт колледжіне оқуға түсу кезінде спорт шебері, спорт шеберіне кандидат спорттық атақтары, соңғы үш жылда олимпиадалар мен спартакиадалардың чемпионы атанған жастарға артықшылық беріледі, — делінген хабарламада.
Қабылдау кезеңінде талапкерлер оқу орнының аумағына орналасады және тамақпен қамтамасыз етіледі. Әскери колледжге қабылданғандар оқуға 29 тамызға дейін келеді.