ALASHORDA Мәзір
Общенациональная социал-демократическая партия
Саясат

ALMA LOVE: Алматы халықаралық жастар күнін президент айқындаған негізгі идеологиялық құндылық аясында атап өтеді

ALMA LOVE: Алматы халықаралық жастар күнін президент айқындаған негізгі идеологиялық құндылық аясында атап өтеді

Халықаралық жастар күніне орай «Қала сенен басталады» деген ұранмен өтіп жатқан, 20 мың адамның басын қосқан фестивальда он күн бойы білім мен экологияға қатысты акциялар, спорт жарысы өтіп, шығармашылық жобалар, кино мен концерт өтеді, деп хабарлайды Alashorda.kz ақпараттық агенттігі.

Фестиваль бағдарламасы мен негізгі іс-шаралары туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде Жастар саясаты басқармасы мен Tulga Foundation қоғамдық қорының өкілдері айтып берді.

Алматыда қазір 14 пен 35 жас аралығындағы шамамен 770 мың жас тұрады. Жастар саясаты басқармасының басшысы Азиз Кажденбектің айтуынша, ALMA LOVE 2026 бағдарламасы Мемлекет басшысы айқындаған негізгі құндылықтар – «Заң мен тәртіп», «Еститін үкімет», «Әртүрлі көзқарас – біртұтас ұлт», «Адал азамат» пен «Таза Қазақстан» қағидатының негізінде құрылған. Фестивальдағы әр іс-шара осы идеологиялық бағыттың бірін насихаттап, жастардың азаматтық жауапкершілігін, заңға құрметін, ұлттық құндылыққа адалдығы мен қоғамдық белсенділігін арттыруға бағытталыпты.

«Фестивальдің басты мақсаты – шығармашыл, интеллектуалды, спортқа жақын, белсенді әрі бастамашыл жастарды біріктіріп, жастардың барлық санатын қамту арқылы білімді, мәдениетті, жауапты әрі әлеуметтік тұрғыда белсенді ұрпақты қалыптастыруға ықпал ету», – дейді Азиз Кажденбек.

Оның айтуынша, фестивальдің ашылуына негіз болған EcoVibe экологиялық челленджі «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасын қолдап, жастар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыруға ықпал етпек.

Level Up зияткерлік ойындары мен ALMA LOVE Talks жастар форумы білімге қызығушылықты, сыни ойлауды дамытуға бағытталған. Сонымен қатар бұл алаңда жастар кәсіпкерлермен, ғалымдармен, қоғам қайраткерлерімен, сарапшылармен пікір алмасуға мүмкіндік алады.

Avenue Talent шығармашылық алаңы жас музыканттарға, ақындар, суретшілер мен бишілерге өз өнерін танытуға жол ашып, мәдени әралуандылық пен «Әртүрлі көзқарас – біртұтас ұлт» қағидатын насихаттайды.

Бағдарламада Youth Nomads ұлттық ойындар фестивалі мен «Жағалаудағы Абай» мәдени-ағартушылық жобасына ерекше орын берілген. Бұл жобалар ұлттық мұраны дәріптеуге, тарихи жадыны нығайтып, дәстүрлі құндылыққа құрметпен қарауды арттыруға бағытталған.

Азиз Кажденбектің айтуынша, UNICEF Жастар форумы – 2026 халықаралық жастар форумын өткізу халықаралық жастар ынтымақтастығын нығайтудағы маңызды қадам болмақ. Сондай-ақ бұл Алматының Орталық Азиядағы жастардың жетекші орталығының бірі ретіндегі мәртебесін күшейтуге ықпал етеді.

«ALMA LOVE – бұл жай ғана мерекелік іс-шаралар легі емес. Бұл – жастардың өз идеясын іске асырып, жаңа білім алып, шығармашылықта, спорт пен қоғамдық қызметте өзін көрсетуіне, сондай-ақ туған қаласының дамуына септесуге мүмкіндік беретін алаң», – дейді басқарма басшысы.

Tulga Foundation қоғамдық қорының төрағасы Мейіржан Келемеденов фестиваль жастардың өзін-өзі дамытып, белсенді азаматтық қоғам қалыптастыруға мұрындық болатынын айтады.

«Бүгінгі жастарға тек демалыс алаңдары ғана емес, өз идеясын дамытып, пікірлес адамдарды тауып, бастамасын жүзеге асыру үшін қолдау алатын кеңістік қажет. ALMA LOVE дәл осындай мүмкіндік ұсынады», – деді ол.

Оның айтуынша, фестивальдің негізгі міндетінің бірі – жастарды қоғамдық, білім беру мен мәдени бастамаға тарту арқылы олардың қаламен байланысын нығайту.

«Жастар Алматының дамуына үлес қосып жатқанын сезінуі керек. Өйткені өзгеріске жастар жақ болса, одан бүкіл қала ұтады», – деді спикер.   

ALMA LOVE 2026 фестивалі 12 тамыз күні «Шабыт» жазғы амфитеатрында өтетін үлкен мерекелік концертпен қорытындыланады. Салтанатты рәсім барысында қаланың ең белсенді жастары марапатталып, сахнада қазақстандық танымал өнерпаздар өнер көрсетеді.