АЛТЫН ҚҰРСАҚТЫ АНАЛАРҒА 114 МЛРД ТЕҢГЕ СОМАСЫНА ЖӘРДЕМАҚЫ БӨЛІНДІ
Қазақстанда да соңғы он жыл ішінде туу деңгейі едәуір төмендеп, шамамен 28 пайызға азайған. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі Kazinform агенттігінің ресми сауалына берген жауабында мәлімдеді.
Бірақ еліміз Батыстағыдай немесе көрші Ресейдегідей демографиялық құрдымға кеткен жоқ. Қазақ билігі қашанда аналарды назарынан тысқары қалдырған емес. 2026 жылдың басынан бастап көпбалалы отбасыларға және наградталған аналарға берілетін мемлекеттік жәрдемақымен орта есеппен 876,8 мың отбасы (629 мың отбасы (99,4 млрд теңге), наградталған анаға берілетін жәрдемақымен 247,8 мың адам (14,6 млрд теңге) қамтылып отыр.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәліметінше, оларға жалпы сомасы 114 млрд теңге мөлшерінде жәрдемақымен қамтылады.
Бұл арада айта кететін бір жайт: көпбалалы отбасыға берілетін мемлекеттік жәрдемақыға 4 және одан да көп бірге тұратын кәмелетке толмаған немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі бөлімде оқитын студент балалары бар отбасылар табысына қарамастан қол жеткізе алады.
2026 жылы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі белгілеген төлем мөлшері бала санына қарай есептеліп төленеді:
- 4 баласы бар отбасыларға – 16,03 АЕК немесе 69 330 теңге;
- 5 балаға – 20,04 АЕК немесе 86 673 теңге;
- 6 балаға – 24,05 АЕК немесе 104 017 теңге;
- 7 балаға – 28,06 АЕК немесе 121 360 теңге;
- 8 және одан да көп баласы бар отбасыларға – әр балаға 4 АЕК немесе
17 300 теңге мөлшерінде төленді.
Наградталған анаға берілетін жәрдемақы «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен наградталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған аналарға тағайындалады.
Наградталған анаға берілетін жәрдемақы ай сайын мөлшері төмендегіше төленеді:
· «Күміс алқа» алқасымен наградталған аналарға – 6,40 АЕК немесе
27 680 теңге;
· «Алтын алқа» алқасымен наградталған немесе бұрын «Батыр Ана» атағын алған, І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған аналарға – 7,40 АЕК немесе 32 005 теңге.
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап балалы отбасыларға тағайындалатын мемлекеттік жәрдемақылардың мөлшері 10%-ға көтерілсе, асыраушысынан айырылған отбасыларға төленетін жәрдемақы мөлшері де артты.