Елордадағы тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен әйелдерге көмек көрсететін «Қорғау» дағдарыс орталығында қайырымдылық шарасы өтті. Іс-шара БҰҰ-ның «Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күндік белсенді іс-қимыл» халықаралық науқаны аясында ұйымдастырылды, деп хабарлайды Alashorda.kz ақпараттық агенттігі.

Шараның бас демеушісі Қазақстанда филиалы бар халықаралық компания болса, бірлескен ұйымдастырушысы ҚР Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі Назым Жанғазинова болды.
Қайырымдылық аясында орталықтың қажеттілігі үшін тоңазытқыш, шаңсорғыштар, ортопедиялық матрастар, азық-түлік пен жеке гигиена құралдары табысталды.

«Дағдарыс орталығына түсу – кез келген әйел үшін ауыр сынақ. Біз қиын жағдайға тап болған әйелдерге тығырықтан шығатын жол әрқашан бар екенін, олардың жалғыз емес екенін көрсеткіміз келді. Сондықтан олар үшін аспаздық шеберлік сабағын ұйымдастырдық. Мұнда меңгерген дағдылары болашақта қоғамдық тамақтану саласына жұмысқа орналасуына негіз бола алады», – деді Назым Жанғазинова.
Сонымен қатар акушер-гинеколог, ҚР Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі Сұңқар Хангелдина әйелдерге жеке консультациялар өткізді.
«Бұл орталықтағы әйелдердің басым бөлігі – аналар. Олар күйзеліске түскен кезде ең алдымен өздерін емес, балаларын ойлайды. Алайда өз денсаулығына көңіл бөлу және аурулардың алдын алу – әрбір әйелдің өміріндегі аса маңызды мәселе», – деп атап өтті ол.
Сондай-ақ орталықтағы әйелдер үшін косметолог Ғалия Жандәулетова шақырылып, тері күтіміне қатысты кеңестер берді.
Іс-шараға ҚР Құрылтайының депутаттары Наталья Рамазанова, Екатерина Смолякова, Максим Рожин және Никита Шаталов қатысты. Олар орталықты паналаған әйелдердің өмірлік оқиғаларын тыңдап, мекеменің жұмысымен танысты. Сондай-ақ дағдарыс орталықтарының жүйелі мәселелерін шешуге атсалысуға дайын екендерін білдірді.
Анықтама: «Қорғау» дағдарыс орталығында тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен азаматтар психологтердің, заңгерлердің және әлеуметтік қызметкерлердің көмегін тегін ала алады. Сондай-ақ орталықта 6 айға дейін уақытша баспана беріледі.