Мәзір
Жаңалықтар

Астанада LRT-ға жаңа атау – Ер Тарғын тұлпарының есімі берілді

Астанада LRT-ға жаңа атау – Ер Тарғын тұлпарының есімі берілді
Фото: Ақорда

Астанадағы жеңіл рельсті көлік жүйесіне (LRT) жаңа атау берілді. Астана қаласы мәслихатының отырысында көлік жүйесін «Тарлан Астана» деп атау туралы ұсыныс мақұлданды, деп хабарлайды Alashorda.kz ақпараттық агенттігі.

Қаланың Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары Досжан Исабектің айтуынша, жаңа атау қала тұрғындарына ыңғайлы әрі есте сақтауға жеңіл болуы қажет болған.

Комиссия отырысында бірнеше нұсқа қаралған. Олардың қатарында «Сұңқар», «Лашын», «Құлан», «Аспан», «Тарлан» және басқа да атаулар болған. Нәтижесінде комиссия мүшелері бірауыздан Astana LRT жүйесіне «Тарлан Астана» атауын беру туралы шешімді қолдаған.

Мамандардың айтуынша, «Тарлан» атауы тарихи-мәдени мұрамызбен тығыз байланысты. Ол қазақтың «Ер Тарғын» эпосындағы батырдың тұлпарымен, сондай-ақ, кейбір деректер бойынша Қобыланды батыр мен Исатай Тайманұлының жауынгерлік аттарымен сабақтастырылады.

Қазақ дүниетанымында «тарлан» сөзі еркіндік, жылдамдық, күш-қуат, тектілік және сенімділік сияқты қасиеттердің белгісі саналады. Осыған байланысты жаңа атау елорданың заманауи көлік жүйесінің болмысын айқындайтын символ ретінде таңдалған.