Мәзір
Саясат

Астанада өзге этнос өкілдері арасында «Алтын шаңырақ» айтысы өтті

Астанада өзге этнос өкілдері арасында «Алтын шаңырақ» айтысы өтті
ФОТО: Астана қаласы әкімдігі

Астана қаласында «Заң мен тәртіп» идеологемасы аясында Елорда әкімдігінің қолдауымен 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне орай өзге этнос өкілдері арасында «Алтын шаңырақ» республикалық айтысы өтеді, деп хабарлайды Alashorda.kz ақпараттық агенттігі.

Ұйымдастырушылар жобаның басты мақсаты – бабадан қалған асыл қазына – сөз өнерін ұлықтау, көпұлтты еліміздегі мызғымас бірлікті нығайту және мемлекеттік тілдің мәртебесін өзге ұлт өкілдерінің жүрегі арқылы асқақтату екенін айтады.

«Бұл кеш – жай ғана сайыс емес, тарихы терең, тамыры бекем қазақ айтысының жаһандық деңгейдегі үндестігін паш ететін айтулы оқиға. Жобаның басты мақсаты – бабадан қалған асыл қазына — сөз өнерін ұлықтау, көпұлтты еліміздегі мызғымас бірлікті нығайту және мемлекеттік тілдің мәртебесін өзге ұлт өкілдерінің жүрегі арқылы асқақтату. «Алтын шаңырақ» – бұл ортақ шаңырағымыздың астындағы татулықтың символы. Өнер додасы заманауи қоғамда ұлттық құндылықтарды жаңғыртып, рухани тұтастығымызды нығайтуға бағытталған. Барша өнерсүйер қауымды киелі сөз өнері мен шынайы достықтың куәсі болуға шақырамыз!», – дейді ұйымдастырушылар.

Дүбірлі додаға елімізге танымал сөз зергерлері Алтынгүл Қасымбекова, Иранғайып Күзенбаев, Әсем Ережеқызы, Мейірбек Сұлтанхан және Нұрлан Есенқұлов сынды айтыс жүйріктері қатысып, кештің көркін қыздырады. Ал өнер мерекесін ҚР Парламент Мәжіліс депутаты ҚР еңбек сіңген қайраткері, белгілі ақын Аманжол Әлтай жүргізеді.

«Алтын шаңырақ» айтысына Жамбыл облысынан моңғол диаспорасының өкілі Салтанат Жаба қатысып жатыр.

«Әкем моңғол, ал анам қазақтың қызы. Әкем Қазақстанға көшіп келіп, қазақтың қызына ғашық болып, отбасын құрған екен. Содан мен дүниеге келіппін. Қазіргі таңда өзім Жамбыл облысы Байзақ ауданына қарасты Байзақ ауылында тұрамын әрі қазақ отбасына келінмін. Өнерге бала күнімнен жақынмын, өнерді жаным сүйеді. Бала кезімнен бастап сахнаға шығып, өнер көрсеткенді армандадым. Қазіргі таңда өнерімді тастамай әрі келіндік қызметімді қоса атқарып жүрген жайым бар. Жолдасым екеуміз бес баланы тәрбиелеп отырмыз. Балаларымды өнерге арнайы булымасам да дүниеге келгеннен бастап өнерге жақын болды. Үлкен ұлым өзіміздің Тараз қаласында жергілікті университетте бакал бойынша білім алса, қызым да өнер саласынан алыс емес. Өзге балаларым орта мектепте оқып жатыр. Олар да алдағы уақытта өнер саласын таңдайды деп ойлаймын – дейді Салтанат Жаба.

Ал қарағандылық Валерия Цой болса, қазақ балабақшасына барып, сол жерден мемлекеттік тілді меңгергенін айтады.

«Қарағанды қаласындағы корей этномәдени қоғамдық бірлестігінің белсенді мүшесімін. Өзім негізі кәріс ұлттық аспабында ойнаймын әрі сол ансамбльдің жетекшімісін. Қазіргі таңда халықаралық қатынас мамандығында білім алып жатырмын. Жалпы тілім орысша шыққанымен атам «Қазақша сөйлеу керек» деп мемлекеттік тілде тәрбие беретін балабақшаға арнайы берді. Осының арқасында қазақ тілінде еркін сөйлеуді үйреніп алыдм. Көптеген қазақ әдебиетіне қатысты іс-шараларға қатысып, жүлдері орын алып шықтым. Өзім қазақ әдебиетін сүйіп оқитынмын. Сонымен қатар өзімнің ана тілім саналатын кәріс тілінде сөйлеймін. Жалпы маған әр түрлі тілдерді үйренген ұнайды», – дейді ол.

Қазылар алқасының төрағасы Сауытбек Абдырахманов, ал оның құрамында әйгілі айтыскер Ринат Зайыт пен Серікзат Дүйсенғазы болды.

Қазылар алқасы Бас жүлдеге Қостанай облысынан келген Ирина Новицская мен оның бапкері Жібек Шахмарданқызын лайықты деп тапты.

Ал бірінші орын Дидар Қамиев баптаған қарағандылық Валерия Цой, екінші орын башқұрт диаспорасының өкілі Анварбек Садықов пен неміс диаспорасының өкілі Эльдана Габерманға бұйырды. Анварбек Садықовты Шалқарбай Ізбасаров, Эльдана Габерманды Иранғайып Күзеебаев дайындаған.

Сонымен қатар үшінші орынды Әсем Ережеқызы баптаған ұйғыр диаспорасының өкілі Хамида Саметова мен Нұрбол Жауынбаев дайындаған украин азаматы Қанат Хитрук місе тұтты.