Мәзір
Жаңалықтар

Астанада вокзал төбесі опырылып түсті (ВИДЕО)

Астанада вокзал төбесі опырылып түсті (ВИДЕО)
Фото: скриншот

Астанадағы ескі теміржол вокзалында орналасқан асхананың төбесі құлап, бір адам жеңіл жарақат алды, деп хабарлайды Alashorda.kz ақпараттық агенттігі.

Оқиға 28 маусым күні таңғы уақытта болған. Әлеуметтік желілерде тараған бейнежазбада асхана төбесінің бір бөлігінің опырылып түскені көрінеді. Куәгерлердің айтуынша, сол сәтте асхана ішінде 8-9 адам болған. Олар дер кезінде сыртқа шығып үлгерген. Дегенмен, бір әйел жеңіл жарақат алып, алғашқы медициналық көмекке жүгінген.

«Қазақстан темір жолы» компаниясының мәліметінше, төтенше жағдай таңғы сағат 05:35 шамасында вокзал аумағындағы «Ертас» ЖШС-не тиесілі қоғамдық тамақтану орнында болған. Медициналық пунктке екі адам қаралғанымен, екеуі де жедел жәрдем шақыртудан бас тартқан. Оқиғаға байланысты тиісті құжаттар рәсімделді.

ҚТЖ өкілдері асхана орналасқан ғимарат бөлігі 2002 жылдан бері «Ертас» ЖШС-нің жеке меншігінде екенін атап өтті. Жалпы аумағы 2371 шаршы метрді құрайтын бұл нысан ұлттық тасымалдаушының өндірістік қызметіне кірмейді. Осыған байланысты компания оның күтімі мен техникалық жағдайына жауапты емес екенін мәлімдеді.