ALASHORDA Мәзір
Саясат

Атаулы әлеуметтік көмек кімдерге берілмейді — Үкімет 8 өлшемшартын бекітті

Атаулы әлеуметтік көмек кімдерге берілмейді — Үкімет 8 өлшемшартын бекітті

Үкімет қаулысымен мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмектің мөлшерін, көрсету шарттарын және оны көрсетуге қажеттілік жоқ екені туралы қорытынды шығару өлшемшарттары айқындалды, деп хабарлайды Alashorda.kz ақпараттық агенттігі.

Құжатқа сәйкес, атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) көрсетуге қажеттілік жоқ деген қорытынды шығаруға негіз болатын сегіз өлшемшарт белгіленген. Олар отбасының тұрғын үйіне, көлік құралдарына, банктік шоттарындағы операцияларға, қарыздары мен жинақтарына қатысты.

Учаскелік комиссия аталған өлшемшарттардың біреуі немесе бірнешеуі анықталған жағдайда атаулы әлеуметтік көмек көрсетуге қажеттілік жоқ деген қорытынды шығара алады.

Атап айтқанда, отбасының меншігінде бірнеше тұрғынжайдың болуы осындай негіздердің бірі саналады. Алайда барлық тұрғынжайдың жалпы пайдалы ауданы отбасының бір мүшесіне шаққанда 18 шаршы метрден аспаса немесе тұрғынжайдың апаттық жағдайы тиісті актімен расталса, бұл өлшемшарт қолданылмайды. Сондай-ақ өтініш берілгенге дейінгі соңғы бес жыл ішінде иеліктен шығарылған, тұруға жарамды тұрғынжай да есепке алынуы мүмкін.
Бұдан бөлек, пайда табу мақсатында пайдаланылатын жеке үй-жайдың болуы және тұрғынжайы бар адамның меншігінде жеке тұрғын үй құрылысына арналған жер учаскесінің болуы да ескеріледі. Бұл ретте жер учаскесін жергілікті атқарушы органның жеке меншікке өтеусіз беру жағдайына ерекшелік қарастырылған.

Көлік құралдарына қатысты талаптар

Отбасының меншігінде техникалық жарамды күйдегі біреуден көп жеңіл автомобильдің болуы да АӘК тағайындау қажеттілігін бағалау кезінде ескеріледі.
Алайда бұл өлшемшарт меншігінде бір немесе екі жеңіл автомобилі бар көпбалалы отбасыларға, сондай-ақ құрамында мүгедектігі бар балалар немесе бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдар бар отбасыларға қолданылмайды.

Сонымен қатар отбасының меншігінде, уақытша иелігінде немесе пайдалануында техникалық жарамды ауыл шаруашылығы техникасы, жолаушылар мен жүктерді тасымалдауға арналған автобус, шағын автобус, жүк көлігі, арнаулы немесе арнайы автомобиль, сондай-ақ теңіз, ішкі су немесе әуе көлігі болса, бұл да бағалау кезінде ескеріледі.

Банктік операциялар мен қарыздар да есепке алынады

АӘК көрсетуге қажеттілікті бағалау кезінде отбасының банктік шоттарындағы шығыс операцияларының көлемі де қаралады. Өтініш берер алдындағы тоқсанда бір айдағы шығыс операцияларының жиынтық сомасы отбасының әрбір мүшесіне шаққанда кедейлік шегінен асса, комиссия тиісті қорытынды шығара алады.
Бұл ретте салықтар мен бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер, сақтандыру төлемдері және адамның немесе отбасының өз шоттары арасындағы аударымдар есепке алынбайды.

Сондай-ақ өтініш берер алдындағы тоқсанда ипотекалық қарызды қоспағанда, банктік қарыздар мен микрокредиттердің жалпы сомасы отбасының әрбір мүшесіне шаққанда статистика органдары есептейтін ең төменгі күнкөріс деңгейінің екі еселенген айлық мөлшерінен жоғары болса, бұл жағдай да ескеріледі.

Тағы бір өлшемшарт — бір отбасының тұрғын үй құрылыс жинақ ақшасына салымдарын қоспағанда, 200 айлық есептік көрсеткіштен асатын банктік салымының болуы.

Құжат 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.