Атырау облысы, Құлсары қаласында Президенттің тапсырмасы бойынша салынып жатқан мектептің төбесі опырылып түсті, деп хабарлайды Alashorda.kz ақпараттық агенттігі.
Samruk-Kazyna Construction компаниясының мамандарының мәліметінше, мердігер компания құрылыс жұмыстарын сапасыз жүргізген.
Компания таратқан мәлімет бойынша, мектеп құрылысын жүргізіп жатқан мердігер «Turan Ascent» ЖШС. Жоспарға сәйкес, ғимарат 2025 жылдың соңына дейін тапсырылуы тиіс болған.
«Алдын ала анықталған себеп спорт залының төбесіне құрылыс материалдарын дұрыс орналастырмау. Мердігер бір аумаққа салмағы алты тоннадан асатын ауыр жабын материалдарын жинап қойған. Соның салдарынан шатырдың бір бөлігі зақымдалған», – дейді Samruk-Kazyna Construction өкілдері.
Қазір оқиғаның мән-жайын толық анықтау үшін арнайы комиссия құрылып, оған компания басшылығы, техникалық және авторлық бақылау мамандары қатысуда. Сонымен қатар, ғимарат конструкциясының беріктігі мен жобаға сәйкестігін анықтау үшін тәуелсіз сарапшылар да тартылған.
«Нақты қорытынды сараптама нәтижесі шыққан соң жарияланады. Барлық анықталған кемшілікті мердігер өз есебінен түзетуге міндетті», – деп атап өтті компания.
Samruk-Kazyna Construction өкілдері мектеп құрылысының сапасы мен қауіпсіздігін бақылау мәселесінде қатаң ұстанымда екенін жеткізді.
Компания «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында мектеп құрылысы бойынша бірыңғай оператор. Ал жобаның бюджетін басқару міндеті облыстық құрылыс басқармасына жүктелген.
Облыстық білім басқармасының мәліметінше, мектеп «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 1200 орындық болып салынуда.