Мәзір
Экономика

Балық өнімдері - Әзербайжанға, тірі ұсақ малдары - Моңғолияға, жем-шөп - Мароккоға: тағы қай елдерге қандай өнім экспортталады?

Балық өнімдері - Әзербайжанға, тірі ұсақ малдары - Моңғолияға, жем-шөп - Мароккоға: тағы қай елдерге қандай өнім экспортталады?
Ауыл шаруашылығы министрлігі

Биыл Ауыл шаруашылығы министрлігі мал шаруашылығы өнімдерін экспорттау географиясын кеңейту, еліміздің халықаралық нарықтардағы ұстанымын нығайту мақсатында бірқатар шаралар қабылдады, деп хабарлайды Alashorda.kz ақпараттық агенттігі.

 Келіссөздердің нәтижесінде 7 мемлекетпен 16 ветеринарлық сертификатқа келісім жасалып, қол қойылды.

Сүт, ірі қара және ұсақ мал еті, құс еті, бал және балық өнімдерін Әзербайжанға, тірі ұсақ малдарды Моңғолияға, жем-шөпті Мароккоға, былғары мен жүнді Иранға экспорттауға барлық жағдай жасалған. Еуропалық Одақ қазақстандық бал ара шаруашылығы өнімдеріне, ең алдымен бал нарығына жол ашты.

Сыртқы сұраныстың тұрақты өсуіне байланысты ет экспортының негізгі көрсеткіштерінде оң қарқын байқалуда.

Биылғы жылдың 10 айында сиыр еті экспорты 1,7 есе өсіп, 30,2 мың тоннаға жеткен болса, қой еті жеткізілімдері 1,9 есе өсіп, 25,5 мың тоннаны құрады. Бұл өсім шетелдік серіктестер тарапынан қазақстандық етке сұраныстың жоғары екенін көрсетеді.

Экспорттық әлеуетті арттыру жұмыстары жалғасуда. Қазіргі таңда Қазақстан тағы да 12 мемлекетпен келіссөздер жүргізуде. Басым серіктестер қатарында Жапония, Малайзия, Оңтүстік Корея, БАӘ, Иордания және Пәкістан бар, олармен ет және субөнімдер, сүт өнімдерін жеткізу мәселелері талқылануда. Сауд Арабиясы, Қатар, Ұлыбритания, Канада және Гонконгпен сүт өнімдері, жем-шөп, бал экспортын дамыту мәселелері қарастырылуда. Сонымен қатар, Эквадормен циста артемиясын экспорттау бойынша өзара іс-қимыл жалғасуда.

Ветеринарлық қауіпсіздік - экспорттың кепілі саналады. Елде ветеринарлық қызметтің материалдық-техникалық базасын кең ауқымда жаңғырту жұмыстары жүргізілуде.

Оның шеңберінде 400 ветеринарлық бекет салынды, 890 бірлік арнайы техника мен жабдық сатып алынды.

Осы ретте Қытай Халық Республикасының қолдауымен жүзеге асырылған Шығыс Қазақстан облысындағы заманауи ветеринарлық зертхананы іске қосудың маңыздылығы зор. Ол Қытайға мал шаруашылығы өнімдерін экспорттауды едәуір кеңейтуді қамтамасыз етеді. Алдағы уақытта ірі қара мал терілерін, құс етін, құс шаруашылығы субөнімдерін және басқа да өнім түрлерін жеткізу жоспарлануда. Қажетті хаттамаларға қол қойылып, қазақстандық кәсіпорындар тиісті инспекциядан өткен.

Осылайша, Қазақстан мал шаруашылығы саласының экспорттық әлеуетін кезең-кезеңмен нығайтып, халықаралық нарықтарда өз орнын кеңейтіп, агроөнеркәсіптік кешеннің одан әрі өсуі үшін берік негіз қалыптастыруда.